Арыста жоғалған бір үйір жылқы табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері жоғалған бір үйір жылқыны тәулік ішінде тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Арыс АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Арызданушы жайылымдық жердегі 12 бас жылқысының ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтады. Жоғалған жылқыларды тез арада табу үшін аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлерінен бірнеше мобильді топ құрылды. Олар ауылдың шығар жерлерін тексеріп, жылқылар жайылатын аймаққа қарай бірден бағыт алып, іздестіруді бастап кетеді. Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрақ-жауаптар алады, сонымен қатар мал базарлар мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексеріледі.
Нәтижесінде, білікті полицейлер алты шақырым жердегі “көккөпір” деп аталатын жазық даладан жылқыларды бір күннің ішінде тауып, ауылға айдап әкеледі. Осылайша, жоғалған бір үйір бас жылқы иесіне тапсырылды. Жылқылар жоғалған сәттен бастап жедел әрекет етіп, ұры-қарының қолына түспеуіне септігі тиген полицейлерге жәбірленушінің айтар алғысы шексіз.
Тәртіп сақшылары 12 бас жылқымды күн-түнге қарамастан іздестіріп, тауып берді. Тәжірибелі полицейлердің арқасында жылқыларым дін аман табылып отыр. Полицейлердің шын мәнінде жедел қызмет ететініне көз жеткіздім. Алғысым шексіз. Қызметтерің абыройменен аса берсін. Рахмет сіздерге, – деді мал иесі.
Өз кезегінде облыс полицейлері мал жайылымында малдарды қараусыз қалдырмауға және ұқыпты болу керектігін айтады. Сондай-ақ мал тұрағының шаруашылық жайы мұқият бекітіліп, қажетінше ен салынып, таңбалануы тиіс. Мал қораларды да жақсылап қоршап, бекітіп, жарықтандырған жөн. Төрт түлік жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай полиция бөліміне тез арада хабарласқаныңыз дұрыс.