Арыстағы жарылыстан қираған 64 нысан 20 тамызға дейін қайта қалпына келтіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арыстағы бұзылған нысандарды қайта қалпына келтіруге жақын. 20 тамызға дейін 64 нысанның құрылысы толығымен аяқталады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Арман Жетпісбай айтты.

«2019 жылдың 10 шілдесінде ҚР Үкіметінің қаулысы бекітілген болатын. Соған сәйкес, «Самұрық-Қазына» қоры Арыстағы жарылыстан зақым келген әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруді қаржыландыруға міндет алды. Жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін толығымен аяқталуы керек. Бүгінгі күні 56 нысанның жөндеу жұмыстарын бітірдік. Енді, қалған сегізін 20 тамызға аяқтап дейін үлгереміз. Жалпы, жарылыстан 68 нысан зардап шеккен. Оның ішінде 16 мектеп, 1 колледж, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау және 4 спорттық нысан бар. Одан бөлек, Арыс теміржол вокзалын, Батырлар аллеясы мен Орталық алаңды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Арман Жетпісбай.

Оның айтуынша, 68 нысанның 64-і 20 тамызға дейін жөңдеуден өтсе, тағы төртеуі сүріліп, жаңадан салынады. Бұл нысандардың қатарында жедел медициналық жәрдем бөлімі, стоматология бөлімі, балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебі мен «Бекзада» балабақшасының ғимараттары бар.

«Осы жұмыстардың барлығына «Самұрық-Қазына» қоры 7 млрд теңге бөлді. Бұл қаржыға Арыс теміржол вокзалын, Батырлар аллеясы мен Орталық алаңды қалпына келтіру жұмыстары кіреді. Арыс темір жол вокзалы – қаланың көрнекі орындарының бірі. Ол 1904 жылы бой көтерген тарихи аса маңызды нысан болып саналады. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен вокзал жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген. Ондағы жөндеу жұмыстары 24 тамызға дейін аяқталуы тиіс», - дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы