Арыста тонау және ұрлау фактісімен үш адам ұсталды – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында Арыстағы төтенше жағдайға байланысты құқық қорғау қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.

Ол 24 маусым күні сағат 9:20-да Түркістан облысының төтенше жағдай департаментіне Арыс қаласындағы Қорғаныс министрлігінің №44859 әскери бөлімшесінің оқ-дәрілер қоймасында өрт болғаны туралы хабарлама келіп түскенін айтты. 

«Оқиға орнына дереу өрт бөлімшелерінің күштері мен құралдары жіберілді. Халықты эвакуациялау үшін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық гвардияның қызметкерлері әрекет етті. Барлығы – 1200 астам адам. Оқиға орнында Ордабасы ауданы Сарыарқа елдімекеніде облыстық жедел құрам жасақталды», - деді министр.

Тұрғымбаев «Жедел желі» жұмысы ұйымдастырылып, оған қазірдің өзінде 11 мың қоңырау келіп түскенін айтты. 

«Қазіргі таңда снарядтар жарылуы мен соққысынан әскери бөлімшеде қоймасындағы өртті ауыздықтау қиын болып отыр. Арыс қаласында тікелей 23 өрт тобы жұмыс істеп жатыр. Олар 19 тұрғын үй мен 9 шаруашылық құрылысын, 14 табиғи жануды өрттен ауыздықтады. Құқықтық тәртіп пен мүліктердің сақталуын қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Ұрлық және тонау фактілері болмас үшін партульдік полицияның 75 жасағы жұмылдырылды. Қазірдің өзінде екі қылмыс: бір дүкенді тонау мен тұрғын үйде ұрлық бойынша үш адам ұсталды.  Үш блок-пост қойылды. Шығып жатқан автокөліктер тексеріліп жатыр» - деді ішкі істер министрі.

Ол төтенше жағдай нәтижесінде 2 адам қаза тапқанын, сол бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатқанын айтты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы