Арыста пандемиядан «пайда» тапқан 6 шенеунік сотталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы, Арыс қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің алты қызметкері сотталды. Оларға пандемия кезіндегі төтенше жағдай мен шектеу шарасына байланысты азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Арыс аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталған алтаудың қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мен оның орынбасары, көмек секторының бас маманы мен есепшісі және оның екі көмекшісі бар. Олар тұрмысы төмен тұрғындарға бөлінген 120 млн теңгені талан-таражға салғаны үшін сотталды. Сот отырысында шенеуніктердің пандемия кезінде 29 азаматқа көмек ретінде бөлінген 2 900 400 теңгені заңсыз аударып алғаны анықталған.
Көбінше өздерінің туыстары мен таныстарынан тұратын Арыс қаласының 138 азаматына ақшаларды негізсіз, заңсыз аударғаны анықталған. Мемлекетке жалпы сомасы 123 493 688 теңге материалдық залал келтірген, - делінген соттың хабарламасында.
Сот үкіміне сәйкес бөлім басшысы мен оның орынбасарына Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «Аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек етуге тыйым салынды. Сондай-ақ бөлімнің бас маманы үш бап бойынша кінәлі деп танылды. Ал есепшінің көмекшісі 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 28-бабы 5-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 2,4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен бірге, іс бойынша азаматтық талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушылардан мемлекет пайдасына ортақ тәртіппен жалпы сомасы 113 788 348 теңге (қалған сомалар төленіп қайтарылған) келтірілген залал мен осының 3 пайызы көлемінде мемлекеттік баж өндірілді, - делінген хабарламада.
Десе де есепшінің көмекшісі қызметін атқарған айыпталушы Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни жүкті немесе жас балалары болуына байланысты жазасын тек 5 жылдан кейін өтейтін болды. Ал оған дейін пробациялық есепте тұрады.
Сонымен қатар, есепшінің тағы бір көмекшісі мен бөлімнің көмек секторының бас маманы да Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оның біріне 7, біреуіне 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар да жазасын бес жылдан кейін өтейтін болды.
Жұмыспен қамту бөлімінің басшысы, орынбасары және есепші жазаларын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.