Арыста инвестор 150 орындық мектептің құрылысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арыс қаласының іргесіндегі Онтам елді мекеніне жеке кәсіпкер 150 орындық мектеп салып беретін болды.

Құрылыс нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.


Президентіміз күні кеше ғана халыққа арнаған Жолдауында «мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн» деп атап өткен болатын. Мінекей, біз Онтам ауылында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мектеп мәселесін түпкілікті шешуге бірқадам жақындай түстік. Жеке кәсіпкер Клара Нұрманованың өз қаражаты есебінен 150 орындық мектеп салып беру бастамасын қолдап, әкімдік тарапынан жер мен өзге де құжаттандыру мәселесіне қатысты түйіндерді жедел шештік. Ел игілігі жолында осылайша ынтымақтаса еңбек етсек ісіміз ілгерілейтіні сөзсіз, – дейді қала әкімі Гүлжан Құрманбекова.


Ол Жолдауда берілген тапсырманы орындау бойынша жұмыс атқаратынын айтты.


Жеке кәсіпкерлердің мектеп салуға деген қызығушылықтары өте жоғары болып отыр, - деді ол.

Өз кезегінде мектеп құрылысын бастаған жеке кәсіпкер Клара Нұрманова Онтам елді мекенінде мектеп салу ісі біраз уақыт ойда жүргенін айтты.


Қала әкімі мен халық қолдауымен бұл іс жолға қойылып жатыр. Көпшілікке рақмет айтамын. Елді мекеннің тұрғындары жұмыспен қамтылсын деп, оқушылар қыста тоңбай, жақын жердегі мектепке барсын деп халық үшін игілікті іс бастап жатырмыз. Мектеп 150 орындық болады. 2023 жылдың қыркүйегінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оған өз есебімнен 600 млн қаржы бөлеміз. Жерді мемлекеттен аукцион арқылы сатып алдық, - деді Клара Нұрманова.


Арыс қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков Арыста 37 мектеп бар екенін айтты.


Онда білім алушылар саны 20 мыңнан асады. Осыдан 2 жыл бұрын мөлтек аудандар бойынша бала санының артуына орай мектеп құрылыстары басталған. Енді міне Онтам елді мекенінде 150 орындық мектептің құрылысын жеке кәсіпкер бастап отыр. Тағы екі мектептің құрылысы облыстық бюджеттің қаражатынан бөлінеді, - деді Әшімхан Момбеков.

2,5 гектар шамасындағы аумақты алып жатқан мектеп маңында спорт алаңы да салынады. Құрылыс кезінде жергілікті 50 азамат жұмыспен қамтылады.


 Мердігер компания нысанды алдағы оқу жылында толық бітіріп, пайдалануға беруді көздеп отыр.


Айта кетейік, бүгінгі таңда Отам ауылында «Ынтымақ» атындағы шағын жинақты бастауыш мектеп қана бар. Ол жерде 1-4 сынып аралығындағы 50 бала білім алады. 


Ал 5-11 сынып аралығындағы 42 бала Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепке тасымалданады. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының саны 500-ге жуық болса, оның 105-і мектеп жасындағы балалар.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы