Арыста 7073 үй қалпына келтірілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыс қаласында 22 тамыздағы жағдай бойынша негізгі қалпына келтіру жұмыстары 7073 жеке тұрғын үй мен көп қабатты үйлерде аяқталды, оның 548-де косметикалық жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Жұмысшылар 455 үйді бұзып, қайта тұрғызуда. Қазіргі уақытта 53 апатты саман үйлердің иелеріне жаңа кірпіш үйлер салынды, қазір олардың 46-да өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар, жөндеу жүргізумен келіспейтін 15 тұрғын үй иесі қалып отыр. Штаб өкілдері даулы мәселелерді жергілікті жерлерде қарастыруда.
"Бекітілген учаскеде қалпына келтіру жұмыстарын толығымен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының секторлары жүргізді. Павлодар, Маңғыстау облыстары, БҚО, ШҚО, Шымкент қ.және Алматы қ. секторларындағы жұмыстар аяқталуға жақын", - делінген таратылған ақпартта.
Сонымен қатар, аса қираған учаскелерде 5 мыңға жуық құрылысшы еңбек етуде. Тағы 2 мыңға жуық жұмысшы қалған 10 әлеуметтік нысанды қайта жаңартуда. Оның ішінде - 3 білім беру нысаны, 4 денсаулық сақтау нысаны, 2 спорт және Даңқ аллеясы бар.