Арыста жөнделмеген 200-ге жуық үй қалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арыстағы әскери полигондағы жарылыстардан барлығы 7633 тұрғын үй қоры зардап шекті. Қазіргі таңда 7426 үйдің негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғын үй қорын қалпына келтіруді 3,8 мың жұмысшы жалғастыруда. Олардың міндеті тұрғын үй қорының 193 объектісінде әрлеу жұмыстары жүргізуі және 200 үйді жаңадан салуы керек.
Бүгінгі таңда тұрғын үйді жөндеу жұмыстары Арыстың 13 секторында толық аяқталды. 272 отбасына жаңа, кірпіш үйлер салынды. Оның 125-де әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қалада 62 әлеуметтік және 322 бизнес-нысан пайдалануға тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Үкімет басшысы "Арыс-1" теміржол вокзалының жөндеуден өткен ғимаратын және жаңа скверді аралап көрді. Сондай-ақ, Асқар Мамин қалпына келтірілген "Арыс минералды су" кәсіпорнына барып, тұрғын үйі толығымен бұзылған 100 отбасына арналған 50 екі пәтерлі коттеджден тұратын жаңа шағын ауданның құрылыс барысымен танысты. Одан кейін Премьер-министр Арыс қаласындағы жаңа жеке үйлерді аралап, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.