Арыс тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен Арыстағы оқиға кезінде ерлік пен жанқиярлық көрсеткен және міндетін адал атқарған бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. 


Президент наградаларды салтанатты рәсім барысында табыстады. Ол өз алғы сөзінде Арыстағы оқиға жайлы айтып берді.

"Осыдан екі жарым ай бұрын Арыс қаласында болған жарылыстың елімізге қаншалықты ауыр тигенін жақсы білесіздер. Бұл төтенше оқиға тек Қазақстанның тұрғындарын ғана алаңдатып қойған жоқ. Алыс-жақын елдер де ниеттестік білдіріп, шынайы қолдау көрсетті. Халқымыз біртұтас ел болып, Арыс тұрғындарына қол ұшын берді. Әрбір облыс бұл қаланы қалпына келтіру жұмысына белсенді түрде атсалысты. 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ. Әрине, ең өкініштісі жарылыс салдарынан бірнеше азаматымыз қаза тапты. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырған жағдай. Біз қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтаса білдік", - деді Тоқаев.


Мемлекет басшысының айтуынша, қиындыққа қарамай тұтас бір қаланың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру нағыз ерлік болды.

"Бұл бар-жоғы екі сағаттың ішінде жүзеге асты. Біздің тарихымызда бұндай жағдай болған емес. Қаланы көшіру туралы дер кезінде шешім қабылдаудың арқасында қауіп-қатердің алдын алдық. Қарапайым еңбек адамдары сын сағатта сабыр сақтап, ерен ерліктің үлгісін көрсетті", - деді Қазақстан президенті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы