Арыс тұрғыны: Үйімізді жөндеп, жағдай жасап берсе болды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы үйіне оралған Арыс тұрғыны  Ильяс Пәрменқұлов айтты.


Арыс қаласының тұрғындары бүгін 28 маусым күні таңғы 8 қалаға кіргізіле бастады. Төрт күн бойы Шымкент қаласы мен облыстың өзге де аудандарындағы эвакуациялық орталықтарда мекендеген тұрғындар ұйымдасқан түрде автобус колонналарымен туған үйіне оралды. 



Мамандар Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталғанын, тұрғындар өміріне еш қауіп жоқтығын айтты. 


Штабқа келген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың үйлерін тазалап, табылған күдікті заттар мен пластик, металл т.б. заттарды есік алдына шығарып қоюларын, сондай-ақ саперлердің, 112, 102 жұмысының іске қосулы тұрғанын пысықтады. 

«Арыс тұрғындарынан шағым болса осы штабқа қабылдауға келеді. Мұнда қала әкімінің орынбасарлары тұрғындардың арыз-шағымын қарайды. Ал Шымкенттен қайтқысы келмейтін арыстықтар болса өз еркі», - деді облыс әкімі Ө.Шөкеев. 



63 жастағы қала тұрғыны Ильяс Пәрменқұлов Шымкент қаласының халқы мен жәрдем берген барша қазақстандықтарға риза екенін айтып, алғысын білдірді. 

«Бізге Шымкент халқы жағдай жасады. Үйде болмаған тамақтың түр-түрін берді. Жергілікті тұрғындар бауырсағын, етін әкелді, қандай тамақ керек бәрін жеткізді. Көрпе-төсек бәрін әперді. Көңіл-күй жақсы. 41 станция жақта тұрамыз. Отбасымыз, туыстарымыз бәрі аман. Қорқып тұрғаным жоқ. Наразылық шеруіне барғанда не істеймін? «Көптен бөлінгенді бөрі жейді» дейді. Ата бабамыздан қалған кіндік қанымыз тамған жер, қайда барамыз? Грузиядан қашқан жоқпыз ғой. Бұзылған үйімізді жөндеп, жағдай жасап  берсе болды. Менің айтатыным, жетім балалар мен көпбалалы аналардың несиесін төлеп берсе деген тілегім бар. Ал өзімнің несием жоқ, жағдайым өзіме жетеді», - деді арыс тұрғыны Ильяс Пәрменқұлов.

Айта кетейік, тұрғындарды кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Бұл секторларға облысымыздың  аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы азаматтарға қаладағы көше, аулалардың белсенділері көмек беретін болады. 

Апаттан зардап шеккен халыққа Қазақстанның өзге облыстарынан қажетті 150 тонна зат жиналған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы