Арыс қаласында ірі синтетикалық есірткі зертханасы жойылды
Тінту кезінде құқық қорғау органдары жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон мен 1,5 тонна прекурсор тәркілеген
Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі өндірумен күрес бағытындағы жұмыстарды күшейтуде. Осыған байланысты Түркістан облысының Арыс қаласында ірі синтетикалық есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мамыр айының басында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қала шетіндегі жеке үйлердің бірінде ағайынды екі ер адамның синтетикалық есірткіні заңсыз өндірумен айналысқаны анықталған.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон мен 1,5 тонна прекурсор тәркілеген. Сонымен қатар оқиға орнынан реакторлар, колбалар, магниттік араластырғыштар, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі өндіруге арналған өзге де құрал-жабдықтар табылған.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Министрлік есірткі өндірісін ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.