Арыстағы жарылыс. Бір адам қаза тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық арнада тікелей эфирде өткен "Арыс, біз біргеміз" акциясында айтылды.
"Малын өріске жіберіп, таңғы шайын енді іше бернен Батыровтар отбасы жарылыс дыбысынан есеңгіреп қалды. Дүмпуден терезе, әйнектер сынды. Көршілермен бірге алты-жеті шақырымдай жүріп, биік төбеге шыққан", - дейді тілші Ғайни Қалмақанов.
Ауыл тұрғыны жарылыс болған жерге жақын тұратынын айтты.
"Атом бомбасы сияқты бірдеме атылып, әйнектер быт-шыты шықты. Қазір екі немеремізді жоғалтып отырмыз", - дейді Күлпаш апа.
Арыс темір жолындағы қозғалыс та тоқтаған.
Алдын ала болжам бойынша, жойқын жарылыстар қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтайтын қоймада тұтанған өрттен пайда болған. Өзге де себептері енді тексеріледі. Жалпы, әскери бөлімдер көп шоғырланған Арыс аумағында соңғы он жылда осындай үш жарылыс болған. Соның салдарынан алты адам қаза тауып, 19 адам жарақат алған.