Арыс қаласынан 380 мыңға жуық оқ-дәрі фрагменті шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оның 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі бар. Бұл туралы ҚР ҚК Оқ-дәрілер бас басқармасының оқ-дәрілерді есепке алу және қамтамасыз ету басқармасының бастығы Нұралихан Асанов мәлімдеді.

Бір жыл бойы Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі құрама отряд жұмыс істеуде. Ай сайын саперлер мен басқа да әскери мамандар ротацияға сәйкес өзгеріп отырады. Іздестіру топтары мен инженерлік барлау және минасыздандыру топтары жақын маңдағы ауылдық округтердің 300 шаршы шақырымнан астам егістік алқаптарын қарады. Мобильді іздестіру саперлік тобы жергілікті тұрғындардың 740-тан астам өтінішін пысықтады. Соның арқасында 4500-ден астам оқ-дәрі залалсыздандырылды. Сүңгуірлер Арыс өзенінің 30 шақырымнан астам арнасын тазалады, - деді ол. 

Нұралихан Асановтың айтуынша, жарылыс болған аумақтың ауданы 500 га-дан асады. Жергілікті учаскеде жалпы ауданы 130 га-дан астам жердің бетінде тазарту жұмыстары жүргізілді. 

Жақын жердегі қоймалардың аумағында әуеден барлау және жер бетінде жүргізу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен квадрокоптерлер пайдаланылды. Саперлер 2 мың тоннадан астам оқ-дәрі фрагменттерін жинады. Жарылысқа қауіпті емес фрагменттерді ашық алаңда сұрыптайды. Бір жыл бойы Арыс қаласынан 380 мыңға жуық оқ-дәрі фрагменттері шығарылды. Оның 300 мыңға жуығының жарылыс қаупі бар. Тасымалдау үшін әскери қарауылдармен бірге 5 мыңнан астам автокөлік рейсі орындалды. Жарылыс қаупі бар фрагменттерді жою бойынша негізгі жұмыстар Арыс қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан полигонда жүргізілді. Жарылғыш заттарды ұрлау және азаматтық ортаға ену фактілерін болдырмау үшін, сондай-ақ оқ-дәрі фрагменттерін, түрлі-түсті сынықтарды заңсыз сатуға жол бермеу мақсатында алдын алу рейдтері жүйелі түрде жүзеге асырылды, - деді ол. 

Сонымен қатар, құқық тәртібін сақтау және қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарымен бірлесіп, тәулік бойы көшелерді патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, әскери қызметшілер құрылысты қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысып, коронавирус инфекциясына қарсы ауқымды дезинфекция жүргізу жұмыстарына араласты.

Мобильді далалық госпиталь дәрігерлері 1000 адамға медициналық көмек көрсетті. Күн сайын 1500-ден астам әскери қызметші оқ-дәрілердің жарылу қаупі бар фрагменттерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау және жою жұмыстарын жүргізуде. Арыс әскерлерін басқаруды ҚР Қорғаныс министрлігі офицерлері қатарынан құрылған жедел топ жүзеге асырады. Оның ішінде ол халықпен оқ-дәрілер фрагменттерін анықтау кезінде тәртіп ережелері туралы ақпарат беру үшін жұмыс істейді, - деді басқарма бастығы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы