Арыс қаласы. 25.06.2019 ж.
Арыс қаласы, BAQ.KZ тілшісі. 25 маусым - бұл күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысының әкімдігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі журналистерге арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Пресс-тур барысында әлеуметтік желі арқылы тараған түрлі қауесет, халықтың үрейі мен қорқынышынан туындаған сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Қаладан ұзай бере жан-жағыма қарап келемін. Күніге көріп жүрген таныс жерлер болса да, еш алаңсыз көліктің ағылып жатқаны, адамдардың өз шаруасымен бір жаққа асығып кетіп бара жатқаны көңіліме бірінші рет қуаныш ұялатты. Демек, ел аман, жұрт тыныш деген сөз.
Арыс қаласына жақындаған кезде ішімнен белгісіз бір үрей бойымды билеп, еріксіз үйде қалған ұлым мен қызымды ойладым. Жан шіркін тәтті екен.
Журналистер Ордабасы ауданы, Ақжол ауылына келісімен Арыс қаласына кіруге жол жабық екенін көрді. Қала кәдімгідей қаңырап бос қалыпты. Әскерилер және полиция қызметкерлерінен басқа да бірен-саран көлігімен, жаяу жүрген адамдарды кездестірдік.
Кейбір үйдің шатыры мен есік-терезелері оңбай қирапты. Қаншама жекеменшік дүкендер, сауда орындары қираған күйі иесіз қалған. Адамға жан керек болса, мал-мүлік пен дүниеге қарамай безетінін көзімізбен көрдік.
Арыс қаласының орталық көшелеріндегі кейбір сауда орындарында көкөніс пен жеміс-жидектер шашылған күйі жатыр. Жол-жөнекей балалардың арбалары, снаряд жарықшағы түскен Газель көлігі, электр бағанына оңбай соғылған көлік, боевик жанрындағы фильмнің кейбір көріністерін еске салды. Бұл жарылыстың Арыста болғанына сенгің келмейді екен. Алайда, бұл - шындық.
Бір көңіл көншітерлігі, қала соғыс кезіндегідей тып-типыл болып қирап қалмаған. Әрине адам шығыны, мүлік шығыны бар. Дегенмен, пресс-тур барысында қауіптің беті қайтып, бірінші күнгі абыр-сабырдың басылғанын байқадық.
Қорыта келе, мынанша мүлік, мынанша адам шығын болды, қаланы осынша полиция қызметкерлері күзетуде деген ресми деректерге жүгінгім келіп тұрған жоқ. Бір ғана ұққаным, тыныштыққа жетер бақыт жоқ екен.
Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда сағат 09:20 өртке қарсы қызметтің пультіне қоймада жарылыс болды деген хабар келіп түсті. Ол Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы өртке ұласқан.
Бүгінде жарылыс тоқтағанмен қауып әлі сейілген жоқ. Саперлер снарядтардың қалдықтарынан қаланы тазартуда. Сонымен қатар, арнайы құрылған штап жұмыс істеуде.
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа арнайы барып, зардап шеккендермен кездестіп қайтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы