Арысқа оралу. Шөкеев тұрғындардың қалай көшірілетіні туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс тұрғындары 28 маусымда ұйымдасқан түрде қалаға көшірілетінін айтты. 

«Ертең 28 маусым күні сағат таңғы 8:00-ден бастап ұйымдасқан түрде автобустармен кіргізе бастаймыз. Ал жеке тұлғалардың көліктерін сағат 12:00-ден бастап кіргіземіз. Тұрғындарды кіргізу және үйлерді жөндеу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға жауапты етіп облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты азамат бекітілді. Әрбір он үйге бір қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде бұл жауаптылар арыстық көше аулаларының белсенділерімен бірге жұмыс істейді», - деді өңір басшысы.

Ол тұрғындар үйіне оралғанда тұрғын-жайларына келтірілген шығындарға бекітілген қызметкерлер фото-видео фиксация жасайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл материалдар кейін келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. 

«Жайғасудың барлық кезеңдерінде облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, Төтенше жағдайлар департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Сонымен қатар құрылыс жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек беру үшін  еліміздің 16 облысынан 160 арнайы бригада келеді. Әрбір облысқа Арыс қаласында белгіленген секторлар бойынша жұмыс ауқымын бөліп береміз», - деп айтты Шөкеев. 

Облыс әкімі қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылуға алынғанын, өрт ошақтары сөндірілгенін айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы