Арулар, асыл жандар, ауыр жұмысты нәзік қолдарымен іске асырғандар...
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні барша бұрымдылар үшін айтулы мереке екені белгілі. Үй шаруасындағы әйелден бастап үлкен ұжымды басқарып отырған бизнес-ледиге дейін көктемнің бұл күнінен ерекше жылулық күтеді. Дәл осы ретте BAQ.KZ тілшісі ер азаматтармен бірге иық тіресе ауыр еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің бұл мерекеде қандай сыйлық алғысы келетінін сұрап білді.
Раушан Бұтабаева күрделі әрі өте жауапты қызмет – кран басқарушысы болып еңбек етеді. Оның құрылыс саласында жүргеніне биыл 12 жыл болды. Жастайынан осы мамандыққа келген ол бүгінде өз ісінің нағыз маманы атанған. Елордадаға біраз көпқабатты үйлер Раушанның тікелей қатысуымен тұрғызылған.
Батыл қыз күнделікті ондаған метрге қорықпай көтеріліп, өз басқаруындағы кранның көмегімен ауыр жүктерді ойната отырып6 арлы-берлі жылжытады. Әрине, ол үшін 8 наурыз ерекше күн, ал сыйлыққа келер болсақ Раушанның қалауы қарапайым екен.
8 наурыз мен үшін аналар күні, нәзік жандылар күні. Өте күшті, жақсы бір мереке деп ойлаймын. Әйел затына деген құрмет көрсетіледі. Гүлге теңеп, гүлді сыйлайды. Жалпы қыз-келіншектер туған күнінде6 сосын осы 8 наурызда гүл күтеді ғой. Бір дана болса да. Жалпы осы екі мерекеде өздерін кәдімгідей нәзік сезініп, ер азаматтар тарапынан ықыласқа бөленгісі келеді. Көңілі қуанышқа толып, жүрегі бір жақсылықты күтіп тұрады. Әріптестерден болсын, араласатын ортаңнан, достарыңнан болсын, әйтеуір көңіл күтесің де, әйел заты болған соң, - дейді Раушан.
Ал Астана қаласының тұрғыны Гүлнар Әділова өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қапшағай қаласындағы фарфор зауытында еңбек еткен. Айтуынша, ол кезде фарфордан жасалған ыдыстар үлкен сұраныста болыпты. Гүлнар апай алғашқыда кесе әрлеуші болып қызмет еткен.
Кесені бірінші машинкадан өткізіп, бергі жағынан қабылдап аламыз. Оны желіммен бір-біріне жабыстырып, одан вагонға жөнелтеді. Кейін пешке саламыз. Ыстық та, қиын да болды. Енді жұмыстың бәрі ауыр ғой, - дейді ол.
Кейіпкеріміз 13 жыл сол зауытта жұмыс істеп, кейін Астанаға көшкен. Бүгінде зейнетке шыққан ол 8 наурыз әйелдердің ерекше күтетін мейрамы екенін айтады. Ал сыйлыққа келер болсақ, Гүлнар апай өзі таңдағанды жақсы көреді екен.
Кез келген сыйлық жақсы. Ешкімнің көңілін қалдырмаймын, жақсы қабылдаймын. Рахметімді айтамын. Бірақ негізінде ақшалай сыйлықты ұнатамын. Өйткені ақшалай сыйлық болса, өзіңе ұнаған затыңды аласың. Саған сыйлық әкеліп берсе, ұнамай қалуы мүмкін. Жарайды, алтын әкелсін, басқасы болсын, көңілден шықпауы мүмкін. Сол себепті мен өзім таңдап алғанды жақсы көремін, - дейді зейнеткер.
Екі кейіпкеріміз де ауыр еңбектің қандай болатынын жақсы біледі. Бірақ екеуі де "әйелмін" деп жұмыстан қашпай, ер азаматтармен иық тіресе отырып, өздеріне артылған міндетті абыроймен атқарған нәзік жандар. "Бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербейді" деген теңеу, сірә, дәл осындай нәзік жандылар туралы айтылса керек.