Артық салмақтан қалай арылуға болады? Диетолог оразаның құпиясын айтты

Ораза кезінде біреулер салмақ тастап жатса, енді бірі керісінше салмақ қосып жатады. Астана медицина университетінің жетекші ғылыми қызметкері, дәрігер-диетолог Жанна Нұрбергеннің айтуынша, бұл – оразаны дұрыс ұстамаудың белгісі. Маман ауызашар мен сәресінде жиі жіберілетін қателіктерді және ағзаны оразаға қалай дұрыс дайындау керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Оразаға дайындықты қалай бастау керек?

– Ең үлкен қателік – ораза басталған күні бірден тамақтан бас тарту. Ағза күнделікті тамақ режиміне үйренген. Сондықтан оразаға кемінде 1-2 апта бұрын біртіндеп дайындалу керек. Бұл кезеңде ағзаны ашығуға үйретеміз. Интервальды ашығу элементтерін қосамыз, кешкі асты жеңілдетеміз, кей күндері кешкі асты мүлде алып тастауға болады.

Сонымен қатар өт жолында іркіліс болмауы өте маңызды. Өттің тоқтап қалуы ораза кезінде жайсыздық туғызады. Сол себепті өт айдауға көмектесетін тағамдарды алдын ала рационына енгізу қажет.

– Ораза кезінде адамдар неге арықтап немесе керісінше салмақ қосып кетеді?

– Негізі, дұрыс тамақтанатын адам үшін ораза арықтатпайды да, семіртпейді де. Салмақ қосу да, шамадан тыс арықтау да – қателіктің белгісі. Көпшілік күні бойы аш жүрген соң, ауызашарда шамадан тыс көп жеп қояды. Бұл ағза үшін стресс.

Оразаға кіру де, одан шығу да біртіндеп болуы керек.

– Ауызашарды неден бастаған дұрыс?

– Дәстүрлі әрі ең дұрыс жол: су мен құрмадан бастау. Содан кейін бірден ауыр тамаққа емес, жеңіл салаттарға көшу керек. Біраз үзіліс жасап, содан соң ғана ыстық тамақты аз мөлшермен жеген жөн.

Бірден тойып жеуге болмайды. Ағза күні бойы аш болғандықтан, ас қорыту жүйесіне біртіндеп жүктеме беру қажет.

– Сәресі не үшін маңызды?

– Сәресін өткізіп алу – үлкен қателік. Күні бойы қуат беретін негізгі ас – осы сәресі. Міндетті түрде:

  • ақуыз (жұмыртқа, ет),
  • күрделі көмірсулар (ботқа, қара нан),
  • аз мөлшерде пайдалы майлар болуы керек.

Тәттіні сәресінде аздап жеуге болады, бірақ мөлшермен.

– Су ішу тәртібі қандай болуы керек?

– Ауыз ашқаннан ауыз бекіткенге дейін ересек адам орта есеппен 2,5-3 литр су ішуі керек. Суды газды сусындармен, тәтті шайлармен, шырындармен алмастыруға болмайды.

Су – ағзаны тазартатын, ішкі мүшелердің дұрыс жұмысын қамтамасыз ететін ең маңызды сусын.

– Тәттіге құмарлық неге күшейеді?

– Тәтті – жылдам көмірсу. Ол миға тез энергия береді. Ми осы «жылдам энергияға» үйреніп алып, қайта-қайта тәтті сұрайды. Ал ботқа, қара нан секілді күрделі көмірсулар ұзаққа жететін энергия береді және әлдеқайда пайдалы.

– Қуырылған тағам оразада зиян ба?

– Зиян тағамның қуырылғанында емес, қай майға қуырылғанында. Өсімдік майын қыздыруға болмайды — ол канцерогенге айналады. Ал малдың майы, сары май, гхи – термотұрақты, қуыруға жарамды.

Ал салаттарға тек рафинадталмаған, суық сығымдалған майларды қосу керек.

– Ораза кезінде спортпен айналысуға бола ма?

– Әрине болады. Міндетті түрде спортзал емес. Үйде жеңіл жаттығуларды ауызашардан кейін жасау өте пайдалы. Егер тамақтану дұрыс болса, спорт еш кедергі келтірмейді.

– Кімге ораза ұстауға болмайды?

– Кей жағдайларда ұзақ ашығу қауіпті. Мысалы:

  • онкологиялық аурулар,
  • ауыр диабет,
  • гипертонияның ауыр түрі,
  • асқорыту жүйесінің кей аурулары,
  • аутоиммунды дерттер,
  • жүктілік.

Әсіресе жүкті әйелдерге ораза ұстауды ұсынбаймын. Қазіргі аналардың көбінде анемия, дәрумен тапшылығы бар. Мұндай жағдайда ашығу бала дамуына кері әсер етуі мүмкін.

– Шай мен кофені сәресінде ішуге бола ма?

– Мөлшермен болады. Бірақ қою шай мен кофе ағзадағы темір, кальций секілді минералдардың сіңуіне кедергі келтіреді. Сондықтан бір кеседен асырмаған жөн.

– Ораза кезінде тамақтанудың басты қағидалары қандай?

– Үш негізгі қағида бар:

  1. Теңгерімді тамақтану (ақуыз, күрделі көмірсу, пайдалы май).
  2. Суды жеткілікті ішу.
  3. Бірден тойып жемеу, тамақты бөліп-бөліп жеу.

Дұрыс ұсталған ораза иммунитетті күшейтеді, ағзаны тазартады, тіпті кей созылмалы мәселелердің жеңілдеуіне әсер етеді.

Бұл қағидаларды ұстанған адам үшін ораза – стресс емес, керісінше ағзаға пайда әкелетін кезең.

Еске салсақ, биыл Рамазан айындағы ораза 19 ақпанда басталады. Діни мерекелер күнтізбесін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялады. Рамазанға қандай дайындық керек екені туралы исламтанушылардың кеңесін ұсындық.

Бұған дейін ораза қазасын қалай және қай кестеге қарап өтеу керегін жазған болатынбыз. Сондай-ақ алғаш рет ораза ұстағандар нені білуі керек және "Неге ораза ұстамадың?" деп сұрау қаншалықты дұрыс екенін талдадық.

Ал алғаш рет ораза ұстағандар нені білу керек екенін мына жерден оқи аласыздар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы