Артық ақша қайтсе көбейеді?
2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда депозиттердің ең жоғары мөлшерлемелерін реттеу тоқтатылады. Бұл банктерге пайыздық мөлшерлемелерді өз бетінше белгілеуге мүмкіндік береді. Депозитке ақша салу үшін қай кезең тиімді? Ақшаны теңгемен сақтаған дұрыс па, әлде шетел валютасында ма? BAQ.KZ тілшісінің сұрақтарына қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев жауап берді.
Депозитті қай айда ашқан дұрыс?
2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) теңгелік салымдар бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін белгілеуді тоқтатады. Бұл өзгеріс банктердің депозиттік өнімдерінің шарттарын нарықтық жағдайларға қарай өздері белгілеуіне жол ашады.
Дулат Мыңбаевтың айтуынша, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін банктер клиенттерді тарту үшін пайыздық мөлшерлемелерді уақытша көтеруі мүмкін. Сондықтан наурыз-сәуір айларында депозит ашу тиімді болуы ықтимал.
Банктер бәсекелестікке бейімделуі керек. Бұл дегеніміз – олар клиенттер үшін тартымды ұсыныстар жасауға тырысады. Бірақ мөлшерлемелердің кейін қалай өзгеретінін бақылау маңызды, - дейді сарапшы.
Депозитке теңгемен сақтаған тиімді ме, әлде шетел валютасында ұстаған дұрыс па?
Бұған дейін теңгедегі депозиттер тиімдірек саналатын, өйткені олардың пайыздық мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық ставкасына байланысты болды. Ал валюталық депозиттер тұрақты төмен мөлшерлемемен ұсынылатын.
Банктердің мөлшерлемелерді өздігінен белгілеуі бәсекелестікті күшейтеді. Соның арқасында салымшылар үшін тиімді шарттар пайда болуы мүмкін. Әсіресе, ұзақ мерзімді депозиттер тартымды бола бастайды, – дейді қаржыгер.
Сонымен қатар Мыңбаев әр адамның ескеруі қажет 3 кеңес берді. Олар :
• Егер қысқа мерзімді жинақ жасасаңыз – теңгемен салған тиімді.
• Ұзақ мерзімді сақтағыңыз келсе, валюталық активтерді де қарастырған жөн.
• Өз жинағыңызды әртараптандыру – яғни, ақшаны теңге мен валютаның бірнеше түрінде сақтау дұрыс шешім болады.
Ол депозитті доллармен сақтаған тиімді дейді. Алайда оның да өзіндік тәуекелдері бар.
Валюталық депозиттер инфляциядан жақсы қорғайды, бірақ олардың өзіндік тәуекелдері де бар, – дейді сарапшы.
Мысалы:
• Пайыздық мөлшерлемелері төмен (теңгелік салымдарға қарағанда).
• Валюталық нарықтағы шектеулерге байланысты ақша шешіп алу қиындауы мүмкін.
• Егер теңге күрт нығайса, валюталық жинақтың құны төмендейді.
Депозит мөлшерлемелері еркін белгіленсе, бұл салымдарға қалай әсер етеді?
2025 жылдан бастап депозиттердің ең жоғары мөлшерлемелеріне қойылған шектеу алынып тасталады.
Клиенттерді тарту үшін банктер қосымша бонустар енгізуі мүмкін. Мысалы, кэшбэк, банк қызметтеріне жеңілдіктер, депозит иелеріне арнайы несие шарттары. Бірақ мөлшерлемелердің күрт өзгеруі де мүмкін екенін ұмытпаған жөн, – дейді Дулат Мыңбаев.
Депозит мөлшерлемелерінің еркіндігі қандай салдарға әкелуі мүмкін?
Мыңбаевтың сөзінше, оның екі пайдасы бар. Біріншіден, бәсекелестік артады, салымшыларға тиімді ұсыныстар көбейеді. Екіншіден, депозит түрлері мен шарттары өзгереді.
Егер қандай да бір банк нарықтан тыс тым жоғары мөлшерлеме ұсынса, оған сақтықпен қарау керек. Мұндай қаржы ұйымдары өтімділік тапшылығына ұшырап, өз міндеттемелерін орындай алмауы мүмкін, – деп ескертеді қаржы сарапшысы.
Депозиттен бөлек, ақшаны қайда сақтаған тиімді?
Банктердегі мөлшерлемелер еркін өзгеретіндіктен, салымшылар үшін балама инвестиция көздерін қарастырған жөн, – деді Мыңбаев.
Альтернативті нұсқалар:
• Бағалы қағаздар (акциялар, облигациялар).
• Жылжымайтын мүлік (үй немесе коммерциялық нысандарды сатып алу).
• Бағалы металдар (алтын, күміс сияқты активтер).
• Қаржылық технологиялар (ETF, инвестициялық қорлар).
Ай сайынғы табыстың кем дегенде 10%-ын жинаққа салып, оны пассивті кіріс әкелетін активтерге инвестициялаған дұрыс. Бұл сіздің қаржылық тұрақтылығыңызды арттырады, - деп кеңес береді сарапшы.
Қазақстандықтардың банкте қанша ақшасы бар?
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде (ЕДБ) сақталған барлық клиенттердің ақшасы (депозиттер мен шоттары) 42,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде:
• Ұлттық валютада – 31,1 трлн теңге;
• Шетел валютасында (теңгеге шаққанда) – 11,4 трлн теңге.
Тек депозиттерді есепке алсақ, банктердегі таза депозиттердің көлемі 32,64 трлн теңге. Оның ішінде:
• Теңгемен – 25,16 трлн теңге;
• Шетел валютасында (теңгеге шаққанда) – 7,48 трлн теңге.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозит мөлшерлемелерінің шегін белгілеуді толығымен тоқтататты. Бұл дегеніміз – енді банктер өздерінің депозиттік пайыздарын нарықтық жағдайға қарай өздері анықтайды.