22 Шілде 2026, 15:40 Фото: Қонаев қаласының әкімдігінен

«Артында үш баласы қалды»: Алакөлде қаза тапқан ер адамға қатысты жаңа деректер тарады

Алакөлде ер адам қаза тапқан болатын.

Алакөлде қаза тапқан ер адамға қатысты мән-жай анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

17 шілдеде Алакөлде гидроциклдер соқтығысып, бір адам қаза тапқаны хабарланған болатын. Өзін қаза тапқан жігіттің отбасының досы деп таныстырған қыздың сөзінше, қайғылы оқиға кешкі уақытта болыпты. 

Қайтыс болған жігіттің артында үш баласы қалды, үлкені күзде 1 сыныпқа , ортаншысы даярлық тобына баруы керек болған, ал кенжесі енді ғана алты айлық нәресте. Көптеген БАҚ өкілдері жалған ақпарат таратып жатыр, ол жігіт Алакөлге демалу үшін барған емес, ол жаққа сол бала-шағаның қамын ойлап, тұрып жатқан пәтерін төлеу үшін жұмыс істеуге барған. Ағалы-інілі болып гидроциклді жалға беру арқылы нәпақаларын тауып жүрген, гидроциклді жағаға әкеліп, тұраққа қояйын деген кезде арқасынан соққы алған, - дейді өзін Иемберген Ж. деп таныстырған қыз. 

Салдарынан ер адам сол жерде жан тапсырған. 

Өздеріне қарай келе жатқан 2005 жылғы баланың басқарған гидроциклын көріп те үлгермеген. Мерт болған жігіттің бауыры өздеріне қарай асқан жылдамдықпен ұшып келе жатқан гидроциклдан қашып үлгерген, бірақ, өкінішке қарай, ағасы сол жерде көз жұмды. Көбісі ойыннан өрт шықты деп жатыр, істің мән-жайын түсіндіріп айтып беретін, ақты ақ, қараны қара дейтін БАҚ өкілдері қалмағаны жаныңды ашытады. Бұл жағдайды резонанс қылдырмаса істі жылы жауып қоймақшы, - дейді ол. 

Ол бұл жағдайға жауапты адамдарды жазалау қажет екенін айтты. 

Сонда баласынан айырылған шешенің, әкесінен айырылған балапандардың көз жасына ешкім жауап бермей ме? Неге соншалықты жылдамдықпен жағаға келеді ол бала? Сонда бір үйдің асыраушысынан айырып талтаңдап өмір сүре ме? Неге біздің үкімет осындай жағдайда жылы жауып қояды?

Қаншама адам жағажайда жүрді, олардың арасында ойын балалары да бар. Егер гидроцикл, көлік, тағы да басқа дүниелерге отырып жүргізе алмаса, өзгенің өміріне, денсаулығына немқұрайды қарайтын болсаңыздар, өзіңізге жауапкершілік ала алмайтын болсаңыздар рөлге жоламаңыздар. Алдында адам бар екенін біліп тұрып видеоға түсіріп келе жатқаны қай сасқаны, соншалықты қатыгез болуға бола ма?, - дейді Иемберген Ж. 

Ол бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуді талап етті.