Артур Ластаев: Жаңа Конституцияның маңызы оның іс жүзінде орындалуымен айқындалады
Жаңа Негізгі заң мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысын күшейтеді.
Жаңа Конституцияның маңызы оның ережелері азаматтардың күнделікті өмірінде қаншалықты дәйекті түрде жүзеге асырылатынына байланысты. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Негізгі заңды іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Конституция елді жаңғырту, әділеттілік, заңдылық қағидаттарын нығайту және адам құқықтарының басымдығын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды рөл атқарады.
Негізгі заң адам құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітеді. Сондай-ақ адамның қадір-қасиетін құрметтеу, заңның үстемдігі, әділ сот төрелігі – мемлекетіміздің дамуының іргелі қағидаттары ретінде айқындалады, – деді Артур Ластаев.
Сонымен бірге ол Конституция мазмұнының өзі қоғамдағы өзгерістерге автоматты түрде кепілдік бермейтінін атап өтті. Ең маңыздысы – онда бекітілген нормалардың іс жүзінде орындалуы.
Алайда Конституцияның маңызы тек оның мазмұнымен ғана емес, ең алдымен оның ережелерінің әр адамның нақты күнделікті өмірінде қаншалықты дәйекті түрде жүзеге асырылуымен айқындалады. Осы мақсатта негізгі конституциялық заңдар қабылданды, – деді спикер.
Ластаев сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі құрылуына назар аударды. Жаңа институт қоғам мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде конституциялық мәртебеге ие болды.
Енді азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалог конституциялық құрылымның бір бөлігіне айналды. Бұл мемлекет пен азаматтар арасындағы кері байланысты күшейтеді, – деді ол.
Сонымен қатар спикердің пікірінше, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл тек бір ғана алаңмен шектелмеуі керек. Азаматтарды қоғамдық қатысу органдарының жұмысына кеңінен тарту қажет. Олар мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді көпірге айналуы тиіс.