«Артспорт»: Депутат жобадағы жемқорлыққа алаңдаулы
Бұл туралы депутат Руслан Рүстемов Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, «Артспорт» жобасын жұртшылық жылы қабылдаған болатын және тегін үйірмелер мен секцияларға қол жеткізу арқылы балалардың дамуына ықпал етті. Алайда кейіннен сыбайлас жемқорлық қаупі төнетін көптеген факторлар анықталып отыр. Бағдарламаны енгізу Облыстық мәдениет және спорт басқармаларына қосымша ауқымды жүктеме түсірді. Басқарма тарапынан қадағалау, тексеру және ақы төлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін ескере отырып, қаржының нысаналы жұмсалуында кемшіліктерге жол беру қаупі жоғары болып отыр.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға бөлінетін қаражатты әр аумақтағы балалардың санына қарай пропорционалды есептеп, бағдарламаны жүргізу және қаржыландыру функциясын аудандық, қалалық бюджеттерге беру кезек күттірмейтін мәселе. Сондай-ақ аудандық (қалалық) әкімдіктердің кәсіпкерлердің қызметін қадағалауға қолжетімділігі бағдарламаны сапалы және тиімді жүргізу мүмкіндігін арттырады, - деп атап өтті Руслан Рүстемов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатор «Артспорт» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бірыңғай ақпараттық жүйенің жоқтығына да назар аударды. Себебі өңірлерде әртүрлі ақпараттық жүйеге көшу кәсіпкерлерге уақтылы төлемдерді кешіктіреді және қаржыны мақсатты жұмсау кезінде қауіптер туғызады. Нәтижесінде өңірлердің ұсыныстары негізінде жалпы ақпараттық жүйені жетілдіру мүмкіндігі жоғалады, кәсіпкерлер арасында шиеленісті жағдай туындауы мүмкін.
Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бірыңғай ақпараттық жүйені айқындау, жалпы республикалық желіні қалыптастыру үшін салалық нормативтік құқықтық актілерге маңыз беруді Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыруды сұраймыз. «Мәдениет туралы» және «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы аудан және қалалық әкімдіктері мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруды қамтамасыз етсін, - деді сенатор.