ArtSport арқылы 1,4 млн теңге жымқырған кәсіпкер сотталды
Көкшетау қаласында ArtSport бағдарламасы аясында бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған кәсіпкер әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соттың анықтауынша, кәсіпкер ArtSport электронды платформасында қызмет көрсетуші ретінде тіркеліп, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан балаларды каратэ үйірмесіне оқытуға рұқсат алған. Алайда іс жүзінде жаттығулар өткізілмеген, ал есеп табельдеріне балалардың сабаққа қатысқаны туралы жалған мәліметтер енгізілген.
2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін мемлекеттік бюджеттен алты бала үшін заңсыз түрде 1,4 млн теңгеден астам қаржы алынған. Келтірілген шығын Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына тиген.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамай, табельдерді көмекшілері толтырғанын, ал балалардың сабаққа қатысқанын алға тартқан. Алайда бұл уәждер дәлелін таппады.
Бірқатар ата-ана балалардың бірнеше сабақтан кейін үйірмеге бармай қойғанын және табельдерге қол қоймағанын мәлімдеді. Сабаққа қатыспағандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі балалар да болған.
Ата-аналардың сөзін жаттықтырушының көмекшісі де растады. Ол ресми еңбек шартысыз жұмыс істегенін және айыпталушының тапсырмасымен, балалар келмеген күндері де табельдерді толтырғанын мойындады. Бұл деректер ұялы мессенджерлердегі хат алмасулармен де дәлелденді.
Сот кәсіпкер әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 3 және 4-тармақтары бойынша кінәлі деп таныды.
Оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 3 жыл бойы материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға және қаржымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сонымен қатар сотталған әйел жаза мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Іс бойынша апелляциялық шағым түсірілді.