Арсенал Чемпиондар лигасының финалында Пари Сен-Жерменге есе жіберді
Трофей тағдыры матчтан кейінгі пенальти сериясында шешіліп, париждік клуб дәлірек ойнады.
Будапешт қаласындағы Пушкаш Арена стадионында УЕФА Чемпиондар лигасының финалы өтті. Шешуші кездесуде Лондонның Арсенал клубы мен Париждің Пари Сен-Жермен командасы кездесті.
Ойын өте қарқынды басталды. Кездесудің 6-минутында «Арсеналдың» шабуылшысы Кай Хаверц сол қапталмен өтіп, дәл соққымен есеп ашты. Бұл сәтте париждік клуб қақпашысының қателігі де әсер етті. «ПСЖ»-ның ресейлік қақпашысы Матвей Сафонов соққы бағытын дер кезінде жаба алмай, алғашқы голды жіберіп алды.
Алайда париждік клуб таразы басын теңестіріп, негізгі және қосымша уақыт 1:1 есебімен аяқталды.
Трофей тағдыры матчтан кейінгі пенальти сериясында шешілді. Бұл сында «Пари Сен-Жермен» дәлірек ойнап, жеңіске жетті. Осылайша париждік клуб қатарынан екінші жыл Еуропаның басты клубтық турнирінің жеңімпазы атанып, қазіргі чемпион мәртебесін сақтап қалды.
Ал «Арсенал» үшін бұл финал Англия Премьер-лигасындағы 22 жылдан кейінгі тарихи чемпиондықтан соң жетістігін еселеуге мүмкіндік болған еді. Алайда лондондық клуб ұлттық титулға Еуропаның басты кубогын қоса алмады.