«АрселорМитталды» алатын жаңа инвесторда қанша қаражат болуы керек?
Премьер-министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қандай отандық инвестор тартылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына отандық инвесторларды тарту туралы айтылды. Кімдер қарастырылып отыр? Оны қолға алатын бізде ірі олигархтар бар ма? – деп сұрады БАҚ өкілдері.
Оны да жақын арада білесіздер. Негізгі талап – үш жылдың ішінде кем дегенде 3 млрд доллар инвестиция салуы керек. Бірінші кезекте өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ету, зауыттағы барлық жабдықты жаңғырту, өндірісті кеңейту, әлеуметтік жағдайды сақтау, жалақыларды толығымен төлеу маңызды. Кем дегенде 3 млрд долларды жақын арада, 3 жыл ішінде салуы керек. Оның кем дегенде 1,3 млрд долларын қазір бірден салуы қажет. Сондықтан бұл өте маңызды талап, - деді Әлихан Смайылов.
Ол Үкімет тартатын инвестордың осындай мүмкіндіктері болуы керегіне назар аударды.
Бұған дейін Әлихан Смайылов Мәжіліс кулуарында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иесі жайлы айтты.