"АрселорМиттал Теміртаудың" мердігерлер алдындағы қарызын кім өтейді?

Мәжіліс депутаты Асқар Садықов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа "АрселорМиттал Теміртауға" қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“АрселорМиттал Теміртау” көмір кеніштерінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен зауыттың иесі ауысқанын еске сала кетейік.

Бүгінгі күні Үкіметтің есебінше, өткізу процесі толығымен аяқталды.

Бұл ретте зауытты жаңа инвесторға берудің түпкілікті рәсімі аяқталмай жатып-ақ “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының кәсіпорынның қажеттіліктеріне жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін отандық кәсіпкерлер алдындағы 500 миллионнан астам қарызы мәселесі БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. “АрселорМиттал” көптеген жылдар бойы қазақстандық мердігерлер алдындағы кредиторлық берешегін ұлғайтып, өзінің басым жағдайын пайдалана отырып, шын мәнінде олардың есебінен пайызсыз несиеге ие болатын, - деді Асқар Садықов.

Депутаттың сөзінше, қазір көптеген мердігерді алаңдатып отырғаны – қазіргі жағдайда зауытқа жеткізілген материалдар мен құрал-жабдықтар үшін аталған қарыздардың қалай қайтарылатыны, оны бақылау үшін құжаттамаларға толық ревизия жасалуы керек.

Егер бұрын мердігерлер мен жеткізушілер бөліп-бөліп ақшасын қайтарып алуға сәл үміті болған болса, қазір олар банкрот боп, барлық қаражатынан айырылудан қауіптеніп отыр. Оның үстіне дәл осындай жағдай 1995 жылы да болған, зауытты сол кездегі Министрлер Кабинетінің тікелей араласуымен ГАО «Кармет» Митталға өткізген кезде ескі иесі барлық активті, соның ішінде кредиторлық қарызды да жаңа қожайынға тапсырғанына сілтеме жасап, ал жаңа иесі аталған қарызды мойындамай қойған, - дейді ол.

Сәйкесінше, бүгінде 28 жыл бұрынғы жағдайдың қайталану қаупі бар. Бірақ бұл қарыздардың артында кәсіпорындардың ғана емес, олардың контрагент серіктестерінің, сонымен қатар мердігерлердің мыңдаған отбасыларының тағдыры тұр.

Оның айтуынша, депутаттар “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының отандық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мәселесін шешу үшін Бас прокуратура мен Үкіметке бірнеше рет ресми сауал жолдаған болатын. Мемлекеттік органдардың берген жауабына сәйкес, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде делінген және тиісті рұқсат беру комиссиялары құрылған. Дегенмен бүгінде жағдайдың шешілмегенін, шын мәнінде тығырыққа тірелгенін көріп отырмыз.

Бұл ретте кәсіпкерлер қарыздан бөлек, кассалық алшақтықты жабу мен салық төлеу мәселесінде де қиындықтарға тап болды. Салық органдарының айтуынша, мұндай жағдайларда туындаған берешек есептен шығарылмайды немесе ол АМТ-ға аударылады. Демек АМТ мердігерлері зауыттың бұрынғы және қазіргі иесінен қарыздарын қайтара алмағаннан бөлек, фискалдық органдардың талаптары мен қосымша салықтарымен күресу мәселесіне тап болды, - дейді мәжілісмен.

Депутат өз сауалында “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы қарыздарын өтеу бойынша Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын түсіндіруді сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы