«АрселорМиттал Теміртау» зиянды қалдықты азайту жөніндегі келісімін қалай жүзеге асыруда?

 

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы алдағы 4 жылдың ішінде қоршаған ортаға шығаратын өндірістік қалдық көлемін 30 пайызға дейін қысқартуы тиіс. Бүгін Темітау қаласында жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев компаниямен жасалған осы келісімді еске салып, сол бағытта атқарылып жатқан шараларды пысықтады.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир жаңа Экологиялық кодексті компанияның қолдайтынын атап өтті. 

Ел экологиясына оң ықпал ету үшін Жылу энергия стансасын табиғи отын түріне көшіруіміз керек. Бұған дейін өндірісте табиғи газды пайдаланған емеспіз. Бұл ең таза әрі қолжетімді отын болғандықтан, көмір мен мазуттың орнына газ пайдаланатын боламыз. Ол үшін өндірісті оңтайландыру және қайта құру қажет. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Энергетика министрлігімен бірігіп, табиғи газ жеткізуге «ҚазТрансГаз» АҚ меморандумға қол қойдық,  - деп атап өтті ол. 



Оның айтуынша, бұл - келісімді жүзеге асырудағы алғашқы қадам. Дегенмен 600 миллион текше метр газ өндірісті толықтай табиғи отынға көшіруге жеткіліксіз болуы мүмкін. Кәсіпорын оның баламалы көзін табу қажет деді ол. 

Министр кәсіпорын алдына қойылған міндет орындалуы қажет екенін қадап айтты. Кәсіпорынның зиянды қалдықтарын 30 пайызға азайту бойынша жаңа концепция сәуір айының ортасына дейін дайын болу қажеттігін тапсырды.


 


 

 

 

Сәуір айының 20-сында осы мәселені қайта талқылайтын боламыз. Кәсіпорын басшысы міндеттемелерден бас тартпайды. Министрлік те бұл мәселені назарда ұстайтын болады. Әйтпегенде, қоршаған ортаға эмиссия үшін экологиялық рұқсат берілмейді. Ондай жағдайда зауыт жұмысын жалғастыра алмайды, - деді министр Мағзұм Мырзағалиев. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы