«АрселорМиттал Теміртау» иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейді - Басин
«АрселорМиттал Теміртау» меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерді орындауға ешқандай әсер етпейді. Бұл туралы кәсіпорынның жаңа басшысы Вадим Басин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, төлем шарттары, әлеуметтік кепілдіктер сақталады. Шахталарда бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыруға назар аударылады.
Кеше Мемлекет басшысы қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің туыстарымен кездесуде компанияның проблемалық активтері бойынша инвестормен қарым-қатынас тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл ретте компанияның бүкіл ұжымына жұмыс шарттарында, төлемдерде, әлеуметтік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайтынын бірден айту керегі ерекше атап өтілді. Бұрынғы шарттар сақталып, тек жетілдіріледі. Бұл компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды және құқықтары бұзылмайды, - деп айтты Вадим Басин.
Шахталарда бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыру және негізгі қорларды жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Қазір қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына психологиялық көмек көрсетіліп, олармен кәсіби психологтар жұмыс істеп жатыр.
Жедел желі жүмыс істеп тұр.
Қарағандыда (8-7212) 51-72-23 (ТЖД), (8-7212) 49-72-70 («АрселорМиттал Теміртау») және Астанада – (8-7172) 70-41-08.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.
Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.
Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан 36 кеншінің мерт болғаны анықталды.
Бұған дейін Үкімет шахтада қаза тапқандардың отбасыларына көрсетілетін көмек шараларын бекіткен болатын.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасына қанша теңгеден төлем берілетінін мәлімдеді.