Арқан тартыстан республикалық турнир өтті

Елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде арқан тартыстан республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің әр аймағынан жиналған 20 команда өзара айналмалы жүйе бойынша тартысқа түсті. Алғаш боп 560 келі салмақта әйелдер бақ сынады. Өзара 5 кездесу өткізіп, финалда астаналық «Барыс» командасы жеңімпаз атанды. Ал 720 келі салмақ дәрежесінде ешкімге есе жібермеген Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жеңіс тұғырынан көрінсе, 1000 келі салмақ дәрежесіндегі алтын жүлде де шығыстықтарға бұйырды.

Бұл турнирге алғаш рет 1000 келі салмақ дәрежесін қостық. Нәтиже жаман емес, 7 команда жиналды. Эмоцияға толы, тартысты бәсекенің куәсі болдық. 1000 келіде жақсы командалардың барын байқадық. Алдағы уақытта да мұндай турнирлерді жиі ұйымдастырады деген ойдамын. Ұйымдастырған ҚР Арқан тартыс федерациясына және ұлттық спорт қорына алғыс шексіз, - дейді турнирдің бас төрешісі Жандос Қоныспаев.

Еліміз арқан тартыстан өтетін халықаралық жарыстарға да қатысуы мүмкін.

5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейінгі арқан тартыстан өтіп тұрған ең ірі турнир осы болды. Командалардың барлығы өте жақсы дайындықпен келген. Әсіресе Шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарының құрамалары ерекше көзге түсті. Алдағы уақытта арқан тартыстан өтетін халықаралық жарыстарға да шығу ойда бар. Арқан тартыстың болашағы жарқын, жоспарымыз көп, - дейді Арқан тартыс федерациясының президенті Еркебұлан Ильясов.

Жеңімпаздар мен жүлдегердер ҚР Арқан тартыс федерациясының атынан жүлделі марапат пен кубокқа ие болды. Алтын жүлде иеленгендер 500 000 теңге алса, күміс жүлдеге 300 000 теңге, ал қола жүлдеге ие болғандар 200 000 теңге сыйақы алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арқан тартыс федерациясы
Өзгелердің жаңалығы