Арқалық, Сәтбаев және Маңғыстауда жылу станцияларын жөндеу кешеуілдеп жатыр

Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздерін жаңғыртуда кешіккен өңірлерді сынға алып, бұл жұмысқа немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткен жылыту маусымы қалыпты деңгейде өтті.  Қыста технологиялық бұзушылықтар саны 10%-ға азайды. Қабылданған шаралар жылу станцияларын жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруды 44%-ға, ал жылу желілеріне шамамен 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Тозығы жеткен қалған барлық жылу станциялары мен желілерін жөндеуді жалғастыру қажет, – дейді Олжас Бектенов.

Бектенов энергия көздері мен желілердіңнегізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет екенін айтады.

Жөндеу науқанының белсенді кезеңі енді басталып жатыр, сондықтан алдағы жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ.  Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Талап қатаң болады. Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Осы айда мен Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен 25 миллиард теңге бөлу туралы қаулыға қол қойдым, – дейді ол.

Үкімет осы қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайтын болады.

Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың уақытын кешіктіру қаупі байқалып отыр. Мәселен, Семей қаласында қазандықтардыжөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ.  Маңғыстау облысында “МАЭК-тің” 2-ші Жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген.  Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10-шы сәуірден бері басталған жоқ. Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр, – дейді Олжас Абайұлы.

Ол Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарының қарқыны да тым баяу екенін атап өтті.

Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылаудың жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражаттың жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды, – деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында Энергетика вице-министр Сұңғат Есімханов жылыту маусымында ірі апат тіркелмегенін атап өтті. Оның сөзінше, жылу желілерін жөндеуге 100 миллиардқа жуық қаржы қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев инженерлік желілердің жартысынан көбі тозғанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы