Арнайы жәрдемақыны кім алады және ол не үшін тағайындалады
Мемлекет алдындағы айрықша еңбегі бар азаматтарға немесе төтенше оқиғалардың салдарынан зардап шеккендерге қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша арнацы жәрдемақыны алушылар саны 208 668 адам болды, оларға 15,7 млрд теңге төленді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Аталған мемлекеттік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылы енгізілген және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементі болып саналады.
Арнайы жәрдемақы алуға Қазақстан заңнамасымен белгіленген 17 санаттағы азаматтар құқылы. Олардың қатарына келесілер кіреді:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және өзге мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер;
- ҰОС қаза болған жауынгерлердің жесірлері мен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары;
- «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар;
- Еңбек майданының ардагерлері;
- Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысушылар;
- Саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлік жастағы азаматтар;
- Қазақстан алдындағы айрықша еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да санаттағы азаматтар.
Жәрдемақының мөлшері алушы санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін құрайды.
Арнайы жәрдемақы көлемі жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты артып отырады.
Сонымен қатар Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да арнайы мемлекеттік жәрдемақыны қазақстандықтармен тең дәрежеде алу құқығына ие.
Арнайы жәрдемақы тағайындауға өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына беруге болады, – деді министрлікте.