Арнайы топ ауылдардағы жастар мәселесімен айналысады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы әр ауыл мен елді мекендегі барлық санаттағы жастар мен тұрғындарға түрлі саладағы мәселелер бойынша тиісті уәкілетті органдармен бірлесе кеңес беру, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу дәстүрге айналып келеді. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен айтты. Биылғы мамыр-маусым айларында Мемлекеттік қызмет істері департаментімен бірлескен ақпараттық автокеруен өңірдегі барлық ауданды араламақ. Ол түрлі санаттағы жастарға кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, түйінді мәселелерін шешуге қолғабыс етуді көздейді. 

«Бұл шарада барлық санаттағы жастар мен тұрғындар «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар жайында кеңірек біле алады. Білім, жұмысқа орналасу, дін, кәсіпкерлік бастамаларды, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктері, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі сынды мәселелер бойынша қабылдаулар өткізіледі», - деді спикер. 

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, керуен әр ауданда 2 күннен аса уақыт болып, 44 елді мекенді аралайды екен. Топ құрамындағы салалық мекеме өкілдері тек кеңес берумен шектелмей, көтерілген мәселелерді нақты шешуге ұмтылып, сол аймақтағы жастар ахуалына талдау жасамақ. 

«Айталық, дін істері басқармасы өз тарапынан ата-аналардың, ұстаздардың, жастардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырса, жұмыспен қамту басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Пробация қызметі әр ауданда жергілікті сала өкілдерімен бірге пробация есебінде тұрған жастарды жинап, еңбекпен қамтудың қыр-сырын түсіндіреді», - деді Мәди Мәтен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы