Арнайы жиынға шақырылған әскери міндеттілер қандай жұмысқа жұмылдырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айдың басында әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Ел президентінің әскери міндеттілерді арнайы әскери жиындарға шақыру туралы Жарлығы жарияланған күннен бастап және Қорғаныс министрінің 6 сәуір күні өткізген баспасөз жиынынан кейін қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне өз еркімен келіп, арнайы әскери жиындарға барамыз деп өтініш білдірушілердің саны бірден артты. Олар Нұр-Сұлтан қаласы Аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына әскери жиындарға шақырылды, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы, отставкадағы полковник Ғани Артықов. 

Ол шақыру жұмысы 6 сәуірден басталғанын, бәрі жоспар бойынша іске асырылып келе жатқанын айта отырып, өтініш білдірген солдаттарға тоқталып өтті.

Орта есеппен 150-дей әскери міндетті азаматтарды запастағы офицерлер мен сержанттарды шақырып, дәрігерлік тексерістен өткізгеннен кейін дайындықтары тексерілді. Сол сияқты отбасылық жағдайлары да ескерілгеннен кейін 100 әскери міндеттіні әскери дайындыққа жіберу туралы жоспарымыз болатын. Ал БАҚ беттерінде шақыру туралы ақпараттар тарағаннан кейін 400-ге жуық адам өз бетімен келіп, дәрігерлік комиссияның сараптауынан өтті. Осы азаматтардың ішінен бірінші ретте 100 адамды, қосымша 50 адамды арнайы әскери жиындарға жөнелттік, – дейді баспасөз хатшы. 

Ғани Артықов сөз арасында әскери міндеттілер қандай жұмысқа жұмылдырылғанын түсіндіріп өтті.

10 сәуірден бастап әскери міндеттілердің бәріне бұйрық шығып, сапқа қойылды. Сол күннен бастап олар үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Бірінші бағыт – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ғимаратында оперативті штаб орналастырылды. Опеартивтік жедел жұмыс атқару штабы жан-жақтан келген ақпараттың бәрін өңдеп, уақытылы жауап беру, шара қолдану жұмысымен айналысады. Ол жерде запастағы офицерлердің біразы қызмет атқарып жатыр. Екінші бағыт – қаланы дезинфекциялау. Оған да запастағы офицерлер мен сержанттар қосылды. Олар Сарыарқа ауданында күніне 15-25 үйдің, Есіл ауданында 15-20 үйдің кіреберісін, ауласын залалсыздандырды. Ал үшінші бағыт – қалаға кіретін 6 блок-бекетке жұмылдырылды. Ол жерде қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері, сонымен бірге әскери полицияның қызметкерлері және Аумақтық қорғаныс бригадасының әскері қызмет атқарып жатыр, – деді ол. 

Әскери міндеттілер блок-бекеттерде қалаға кіріп жатқан автотехникалар жайлы мәліметтерді базадан тексеру ісіне атсалысып жатыр. Аталған үш бағытта қызмет етіп жатқандардың жұмыс кестесі әртүрлі болып белгіленді.

 

Блок-бекеттердегі әскери міндеттілер әр үш күнде бір тәулік кезекшілікке түседі. Бірінші күні кезекшілікке таңертең кіріссе, келесі күні таңға дейін жұмыс істейді. Ал дезинфекциямен айналысатын қызметкерлер таңғы 9-дан Аумақтық қорғаныс бригадасының жатақханасына жиналады. Сол жерде дәрігерлік тексерістен өткеннен кейін дезинфекция жұмысына қажет заттарын алып, күнделікті жұмысына кіріседі. Жұмыс уақыты – 09:00-18:00. Ал оперативті штабқа жұмылдырылған әскери міндеттілер кезекшілікпен жұмыс істейді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы.
 

Арнайы жиындардың өткізілу уақыты ел президентінің Жарлығы бойынша 3 ай болып белгіленді. 

Оларға жалақы төлеу мәселесі де қарастырылған. Мәселен, әскери жиынға шақырылғанға дейін жұмыс істемеген болса, 42 500 теңге төленеді. Ал жұмыс істеп жүрген болса, 42 500 теңгенің үстіне жалақысына жетеғабыл ақша төленеді, – дейді ол. 

Әскери жиындарға шақырылғандар – түрлі саланың қызметкерлі. Олардың арасында өз еркімен келген терапевт дәрігері, мектеп мұғалімдері, алғашқы әскери дайындық сабағының ұстаздары, кәсіпқой спортшы, әнші Ибрагим Ескендір, сол сияқты жеке кәсіпкер, бизнесмен, Қарулы Күштер қатарында 16 жыл қызмет атқарған Тимур Сыпатаев бар.
 

Дереккөз: Елорда Инфо

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы