Арнайы штаб Шымкент тұрғындарымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. AMANAT партиясы жанынан құрылған арнайы штаб Шымкент қаласында «Сайрам» тұрғын үй алабы халқымен елдегі саяси трансформация және референдум тақырыбында кездесу өткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Оспанов, Шымкент қаласы мәслихаты жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Ш.Мырзахметов және өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткен басқосу сұрақ-жауап, талқылау форматында өтті.
Кездерудің мақсаты жайлы «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли әлеуметтік желіде жазды.
Ел Президенті осындай қадамдар арқылы азаматтарды маңызды шешімдер қабылдауға белсене қатысуға шақырып отыр. Енді аралас, яғни пропорционалдық-мажоритарлық сайлау жүйесінде партияға мүше емес азаматтар да Парламентке депутаттыққа сайлана алады. Бұдан бөлек, сот шешіміне көңілі толмаған азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Осы сияқты күрделі өзгерістерді халыққа қарапайым тілмен түсіндірдік, – деп жазды Берік Уәли.
Тұрғындар алдағы үлкен тарихи белестің мемлекет және қоғам өмірінде айрықша орны бар екенін атап өтіп, бірқатар түйткілді мәселелерді ортаға салды.