Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы кімдерге беріледі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сакеев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Вице-министр Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Қарт адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады.
Біріншіден, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайып жатыр. Азаматтардың 20 санатына өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады, - деді Сакеев.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып, ай сайын алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:
- ҰОС қатысушылары үшін – 193 714 теңге (289 адам);
- ҰОС мүгедектері үшін – 201 615 теңге (98 адам);
- басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері үшін (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 205 041 теңге (24 943 адам);
- ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар үшін – 161 174 теңге (3 886 адам);
- ҰОС мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін-124 409 теңге (14 780 адам);
- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 132 060 теңге (69 248 адам).
Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіліп жатыр. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады, - деді ол.