11 Қараша 2026, 16:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

«Армысың», «Мал-жан аман ба?»: Қазақтың сәлемінде қандай сыр бар?

Қазақ неге амандасқанда төрт түліктің амандығын сұраған? «Армысың» сөзінің астарында қандай ұғым жатыр?

Қазақ халқы үшін амандасу – жай ғана кездескенде айтылатын сәлемдесу сөзі емес. Оның астарында адамның амандығын сұрау, отбасына құрмет білдіру, туыстық байланысты сақтау және қоғамдағы орнын тану сияқты терең мағына жатыр. Ал ислам діні таралмай тұрған кезеңде қазақтар бір-бірімен қалай амандасқан? «Армысың» сөзінің төркіні қайдан шыққан? Төс қағыстыру, көрісу және сәлем салу дәстүрлерінің астарында қандай мән бар? BAQ.KZ тілшісі этнограф, тарихшы Қалжан Рахымжановпен сұхбаттасып, қазақтың амандасу әдебінің тарихы мен ерекшеліктерін білді.

Исламға дейінгі амандасу: «Армысың?»

Қазақтың амандасу мәдениеті бірнеше тарихи кезеңнен өткен. Этнограф Қалжан Рахымжановтың айтуынша, ислам діні қазақ даласына таралғаннан кейін «Ассалаумағалейкүм» деген мұсылмандық сәлемдесу кеңінен қолданысқа енген. Ал оған дейінгі амандасу үлгілерінің бірі – «Армысың?» сөзі.

Ар дегеніміз – адамның қоғамдағы абыройы, қадір-қасиеті. Қазақта «арым тапталмасын» деген сөз бар. Сондықтан «Армысың?» деп сұрау арқылы адам екінші кісінің амандығын ғана емес, оның абырой-беделін, қоғамдағы жағдайын да аңғарған. Бұл – бір ауыз сөзбен адамның хал-жағдайына, айналасындағы ортасына құрмет білдірудің үлгісі, – дейді этнограф.

Оның сөзінше, қазақтың дәстүрлі амандасуында адамның жеке басынан бөлек, айналасындағы жақындары мен тұтас ортасының жағдайын сұрау маңызды болған.

«Мал-жан аман ба?»

Қазақтың «Ассалаумағалейкүм» деген сәлеміне «Уағалейкүмассалам» деп жауап бергеннен кейін әңгіме көбіне «Мал-жан аман ба?», «Ауыл-аймақ аман ба?», «Ел-жұрт тыныш па?» деген сұрақтармен жалғасады.

Мұндай тіркестердің әрқайсысының өзіндік мәні бар. Мәселен, «Мал-жан аман ба?» деген сұрақта адамның тұрмысы, отбасы, бала-шағасы мен күнделікті тіршілігі қамтылады. Ал «Ел-жұрт аман ба?» дегенде тек жақын туыстар емес, тұтас ауылдың, ағайынның, айналадағы ортаның жағдайы сұралады.

Қазақ бір адаммен амандасқанда оның өзінен ғана хал сұрамайды. Артынан міндетті түрде отбасын, бала-шағасын, ауыл-аймағын сұрайды. Өйткені ол адам жалғыз емес, оның айналасында жақындары, туыстары, өз ортасы бар. Сондықтан амандасу арқылы солардың да амандығына көңіл бөлген. “Ел аман, жұрт тыныш па?” деген сөздің өзінде үлкен мағына жатыр. Ел – халықтың, жердің амандығын білдірсе, жұрт – адамның туған-туысы мен әулетін де қамтиды, – дейді Қалжан Рахымжанов.

Этнографтың пайымынша, қазақтың «Сәлем – сөздің атасы» деген мақалы да осы түсінікпен байланысты. Себебі сәлемдесу – кейінгі әңгіменің ғана емес, адамдар арасындағы сыйластық пен байланыстың да бастауы.

Жасқа, мәртебеге және туыстыққа қарай сәлемдесу әдебі өзгереді

Қазақ дәстүрінде кімнің кімге қалай сәлем беретіні адамның жасына, әлеуметтік мәртебесіне және туыстық қарым-қатынасына қарай қалыптасқан. Мысалы, «Алты жасар балаға алпыс жастағы қария сәлем береді» деген сөз бар.

Мұнда жасы үлкен адамның кішінімен амандасуы оның дәрежесін төмендету емес, керісінше, құрмет пен ізеттің белгісі саналған. Әсіресе көптен көрмеген туыспен немесе алыс ағайынмен кездескенде жасына қарамастан сәлемдесу, құшақтасып көрісу маңызды болған.

Алты жастағы балаға алпыс жастағы қария сәлем береді деген сөздің астарында үлкен мән бар. Ол бала сол адамның туысы, көптен көрмеген бауыры немесе ағайынның ұрпағы болуы мүмкін. Сондықтан үлкен кісі баланы жатсынбай, бауырына басып, амандасады. Бұл – ұрпақтар арасындағы байланысты үзбеудің бір жолы, – дейді этнограф.

Қазақтың әлеуметтік құрылымында адамның шыққан тегі мен мәртебесі де амандасу әдебіне әсер еткен. Мәселен, хан әулетінің өкілдерімен немесе ел ішіндегі беделді адамдармен кездескенде құрмет көрсету тәртібі болған. Кей жағдайда қол алысып амандасудан гөрі, қолды кеудеге қойып, бас ию арқылы ізет білдірген.

Сонымен қатар қазақ тілінде бейтаныс адамға да «аға», «әпке», «тәте» деп тіл қату қалыптасқан. Бұл сөздер адамның нақты туысы екенін білдірмесе де, арадағы қарым-қатынасты жақындатып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің көрінісі саналады.

Төс қағыстыру мен қол алысудың астарында не бар?

Қазақтың дәстүрлі амандасуында қол алысу, екі қолдап амандасу, төс қағыстыру сияқты бірнеше үлгі кездеседі. Олардың әрқайсысы адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қарай қолданылған.

Қалжан Рахымжановтың айтуынша, үлкен кісімен амандасқанда екі қолдап сәлем беру – құрметтің белгісі. Ал екі қолдап амандасуды кейбір дәстүрлі түсініктерде адамның екінші тарапқа ниетінің түзу екенін білдіретін ишара ретінде түсіндіреді.

Қол беріп амандасқанда оның қалай берілгеніне де мән берілген. Үлкен кісіге бір қолды ғана созбай, екі қолдап амандасу – құрметтің белгісі. Ал екі қолдап амандасудың астарында «мен саған ашықпын, ниетім түзу» деген түсінік жатыр, – дейді ол.

Ал төс қағыстыру көбіне жақын ағайындар мен бауырлардың кездесуінде қолданылған. Бұл – бір-біріне деген жақындықты, туыстық байланысты білдіретін ишара.

Этнограф төс ұғымының қазақ дүниетанымында ерекше орны бар екенін айтады. Мәселен, күйеу балаға төс тарту дәстүрі оның әулет алдындағы жауапкершілігімен, отбасын қорғаушы ретіндегі орнымен байланыстырылады.

Төс – адамның болмысымен, қорған болу ұғымымен байланысты. Күйеу балаға төс тартудың да өзіндік мәні бар. Ол – қызымызды алған азаматқа артылған жауапкершіліктің, сол әулетке қорған болудың нышаны. Ал төс қағыстыру – бауырлардың бір-біріне жақындығын білдіреді, – дейді тарихшы.

Әйелдердің амандасу әдебінде де өзіндік ерекшеліктер бар. Соның бірі – келіннің сәлем салуы. Бұл дәстүр Қазақстанның барлық өңірінде бірдей орындалмайды. Аймақтарға қарай оның орындалу тәртібі мен ишарасында айырмашылық кездеседі.

Сәлем салудың негізгі мәні – келіннің жаңа түскен әулетіне құрмет көрсетуі. Үлкен әулетте әр адаммен жеке-жеке амандасудың орнына, бір рет иіліп сәлем салу арқылы барлығына ортақ ізетін білдіреді. Дегенмен бұл дәстүрдің өңірлік ерекшеліктері бар, сондықтан оны Қазақстанның барлық жерінде бірдей орындалады деп айтуға болмайды, – дейді Қалжан Рахымжанов.

Кішінің сәлемі – үлкеннің батасы

Қазақ қоғамында кішінің үлкенге сәлем беруі тәрбие мен ізеттің маңызды бөлігі болған. Балаға жасы үлкен адамның қолын алып, сәлемдесуді үйреткен. Мұның астарында үлкеннің батасын алу, туыстық байланысты нығайту түсінігі жатыр.

Қазақта бұрын үйге қонақ келгенде кішкентай балаларға құман ұстатып, келген адамның қолына су құйдырған. Бала сол арқылы үлкенге қызмет көрсетіп, оның батасын алған. Бұл – сәлемдесудің де, тәрбиенің де бір көрінісі. “Батаменен ел көгерер” деген сөз бекер айтылмаған. Бата – адамның жақсы ниеті, ізгі тілегі, – дейді этнограф.

Дегенмен оның пікірінше, амандасу тек кішінің үлкенге міндетті түрде бірінші сәлем беруімен шектелмеуі керек. Үлкен адамның да кішіге бірінші болып сәлем беруі – өзара сыйластық пен мәдениеттің белгісі.

Үлкен адам жастарға «алдымен сен сәлем бер» деп талап етпей, өзі де амандаса білуі керек. Мысалы, мұғалімнің өзінен кіші оқушылармен бірінші болып амандасуы – жақсы қарым-қатынастың бастауы. Сәлемдесу адамдардың арасын жақындатып, еркін байланыс орнатуға көмектесед, – дейді ол.

Этнографтың айтуынша, қазақы ортада көпшілік отырған жерде әр адаммен жеке-жеке қол алысып шығу міндетті болмаған. Әсіресе ас үстінде немесе үлкен жиында отырған адамдарға ортақ сәлем беріп, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасу жеткілікті саналған. Бұл – отырған адамдардың әңгімесін бөлмеу, дастарқан басындағы тазалық пен әдепті сақтау түсінігімен де байланысты.

Көрісу – сағыныш пен туыстық байланыстың белгісі

Қазақтың амандасу дәстүрінің тағы бір ерекше үлгі – көрісу. Бұл жай ғана қол алысып немесе құшақтасып амандасу емес, белгілі бір уақыт көрмеген ағайынның қайта қауышып, хал-жағдай сұрасуының көрінісі.

Этнограф көрісу дәстүрін қазақтың тұрмыс-тіршілігімен, әсіресе қыс мезгілінің қиындығымен байланысты түсіндіреді. Бұрын қыстың ұзақ әрі қатал болуы, ауылдардың бір-бірінен алыс орналасуы адамдардың жиі қатынасуына мүмкіндік бермеген. Кейде ағайындар бірнеше апта, тіпті айлап кездеспеген. Сондықтан қайта қауышқанда бір-бірімен көрісіп, амандығын сұраған.

Қазақта «Қыстан аман шықтың ба?» деген сөз бар. Қыс – табиғаты қатал кезең. Әсіресе бұрынғы уақытта адамдардың тұрмыс-тіршілігіне үлкен салмақ түсірген. Сондықтан көктем келгенде ағайындар бір-бірімен кездесіп, қыстан қалай шыққанын, отбасының амандығын сұраған. Көрісудің де бір мәні – осы. Адамдар қайта қауышып, бір-бірінің амандығына көз жеткізген, – дейді Қалжан Рахымжанов.

Оның айтуынша, көрісу дәстүрінің мәнін тек белгілі бір мерекемен немесе күнтізбедегі датамен шектеуге болмайды. Оның түпкі негізінде сағыныш, туыстық байланыс пен адамдардың бір-біріне деген ықыласы жатыр.

Амандасу – ұрпақтар арасындағы байланысты сақтайтын дәстүр

Қазіргі қоғамда адамдардың тұрмыс салты өзгеріп, қалаға көшу, урбанизация және күнделікті қарбалас қарым-қатынасқа да әсер етіп отыр. Бұрын бір ауылда тұратын ағайынның бір-бірімен жиі араласуы қалыпты болса, қазір кейбір адамдар жақын көршісін де тани бермейді.

Этнограф мұны адамдар арасындағы байланыстың сиреуімен байланыстырады. Оның сөзінше, амандасу – тек әдептілік ережесі емес, туыстық қатынасты танып-білуге және сақтауға мүмкіндік беретін мәдени құрал.

Қазақта «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген сөз бар. Адамдар бір-бірімен амандасып, араласып тұрса, жақындық та сақталады. Мысалы, қалада өскен бала ауылға барғанда үлкендермен амандасып, өзінің кімнің ұрпағы екенін таныстырады. Сонда ауылдағы ағайын оның ата-анасын, ата-әжесін танып, туыстық байланысты қайта жалғайды. Бұл баланың да өз тегін, ортасын тануына ықпал етеді, – дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың амандасу әдебі – ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қарым-қатынас мәдениеті. Оның әрбір сөзінде, ишарасында және қалыптасқан тәртібінде құрмет, ізет, туыстық пен ортақ жауапкершілік түсінігі жатыр.

Сондықтан қазақ үшін сәлемдесу – бір ауыз сөзбен шектелмейді. Ол – адамның өзін ғана емес, оның отбасын, әулетін, ел-жұртын да ойлайтын кең дүниетанымның көрінісі.