Армиялық жаңғырту, әскери жаттығулар мен бітімгерлік: Жартыжылдық қорытындысы

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Қорғаныс министрлігі жауынгерлік даярлық жоспары шеңберінде белгіленген барлық міндеттерді орындады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Армия қызмет бағыттарының барлығы бойынша кезең-кезеңімен дамуын жалғастыруда. Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын жетілдіру басты назарда болды.

Жеке құрам бірқатар жоспарлы оқу-жаттығуларды, жауынгерлік дайындықты тосыннан тексеруді және су тасқынының салдарын жоюда бейбіт тұрғындарға көмек көрсету сияқты көптеген жедел-жауынгерлік дайындық шараларын өткізді. 

Негізгі қағидаттар мен тәсілдер

Қарулы Күштерді дамыту үздіксіз үдеріс болып қала береді, ондағы мақсат – еліміздің егемендігі мен тұтастығына кепілдік бере алатын ұрысқа әзір әрі жауынгерлік қабілетті армия құру. Осы тұрғыда стратегиялық бағдарламалық құжаттар, оның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы өзектендірілді, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрылысы мен даму тұжырымдамасын түзету жұмыстары жүргізілді. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құжаттардың иерархиясы регламенттелген Әскери жоспарлаудың жаңа жүйесі де қабылданды.

Басым бағыттар және кезеңдік даму

Қарулы Күштер жауынгерлік құрамын кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жүргізілуде. Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасымен Арнайы операциялар күштері басым тәртіппен даму үстінде. Жалпыәскери, әскери-теңіз және авиациялық компоненттерді күшейтуге, барлау-жауынгерлік және әскери-көлік әлеуетін, сондай-ақ артиллерия мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған кешенді ұйымдастыру іс-шаралары өткізілді. Өрттер мен су тасқыны салдарын жою шараларына белсенді қатысатын, сондай-ақ мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне енгізілген аумақтық қорғаныс дамып келеді.

Жауынгерлік дайындық және әскери жаттығулар

Жедел және жауынгерлік дайындық шараларының қарқындылығы айтарлықтай артты. Халықаралық тәжірибе негізінде әскерлердің тактикалық және атыс дайындығы үнемі жетілдіріліп отырады. Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін нығайтуға және кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Сардар» бақылау-кешенді курсы ұйымдастырылды.

Биылғы жылы 2 мыңнан астам жауынгерлік тактикалық және атыс оқу-жаттығулары өткізіліп, штабтар мен әскерлердің дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығына баса назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен алғаш рет облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының жиындары өткізілді. Бұған дейін біз осындай жиын әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері бойынша министрлермен және Парламент депутаттарымен өткізілген болатын.

Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, «Бекет» ведомствоаралық оқу-жаттығуы өткізілді. Алдағы қыркүйек айында осындай оқу-жаттығуды Жамбыл облысының әкімдігімен өткізу жоспарлануда.

Қазақстан Қарулы Күштері халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Ауқымды халықаралық «Бірлестік–2024» оқу-жаттығуына Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскери контингенттері: 4 мыңнан астам әскери қызметші және 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты.

Оқу-жаттығу барысында қатысушы мемлекеттердің әскери контингенттері қарулы қақтығысты оқшаулау мақсатында бірлескен операциялар жүргізді. Тактикалық эпизодтар жерде, әуеде және Каспий теңізінің акваториясында ойналады.

Оқу-материалдық базаны дамыту

Оқу-материалдық базаны дамыту жалғасуда. Жыл соңына дейін тренажерлер жеткізу және полигон жабдықтарын жөндеу жоспарлануда, бұл жылына 300 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әскери техниканы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Әскери оқытылған резервті дайындау

Әскери оқытылған резервті дайындау ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып қала береді. Әскери міндеттілермен жиындар өткізіледі, ондағы негізгі мақсат – әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, сондай-ақ жұмылдыру жағдайында Қарулы Күштерді орналастыру үшін қажетті резервтер дайындау.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы