Армия спортшылары шаңғымен бағдарлау жарысында сәтті өнер көрсетті

Алматыда шаңғымен бағдарлаудан ел чемпионаты аяқталды. Оны Қазақстанның спорттық бағдарлау жөніндегі федерациясы ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Жарысқа Астана, Алматы қалалары, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 160-тан астам спортшы қатысты.

Спортшылар карта мен компасты қолдана отырып, бақылау пункттері арқылы белгісіз жолмен жүрді. Чемпионатта Орталық спорт клубының атынан бағдарлау бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері шықты.

Әйелдер арасында 5,4 шақырым қашықтықты еңсерген Қарулы Күштердің қызметшісі Әсем Назырова жеңіске жетті. Сержант Марина Власова қола иеленді. Ерлер арасындағы жарыста ефрейтор Дмитрий Адамович күміс жүлдені місе тұтты.

Әсем Назырова 6,8 шақырым қашықтықта да жеңіске жетті. Спринт сайысында армия спортшылары Әсем Назырова мен Мария Власова алтын және күміс жүлделерді олжалады. Ер адамдар арасындағы 3,5 шақырымдық спринтте Дмитрий Адамович үздік деп танылды.

Бейтаныс жерлерде дәл бағдарлау дағдысы, шапшаң қозғалу және кедергілерді еңсеру қабілеті әскери қызметшілерге әрдайым қажет. Жарыс нәтижелері осы спорттағы армиялықтардың дайындығы жақсы екенін көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы