Бүгiн 2026, 02:43 Фото: Никол Пашинян мен Самвел Карапетян. Фото: armenpress.am

Армениядағы сайлау нәтижесін жарамсыз деп тану талап етілмек

Армениядағы парламент сайлауында жеңілген «Күшті Армения» блогы премьер-министр Никол Пашинянның партиясы жеңіске жеткен дауыс беру қорытындысын жоюды талап етпек.

Армениядағы «Күшті Армения» партиясы 7 маусымда өткен парламент сайлауының нәтижесін жарамсыз деп тануды талап ететінін мәлімдеді.

Блок өкілі Нарек Карапетянның айтуынша, сайлау барысында бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген. Оның сөзінше, дауыстарды қайта санау кезінде биліктегі «Азаматтық келісім» партиясының көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің дауыс беруге ұйымдасқан түрде тартылғаны айтылды.

Оппозициялық күштер Орталық сайлау комиссиясына жүгініп, сайлау қорытындысын қайта қарауды талап етпек. Егер жедел жауап болмаса, мәселе Конституциялық сотқа жеткізіледі.

Ресми мәлімет бойынша, сайлауда премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін «Азаматтық келісім» партиясы 49,82 пайыз дауыс жинап, бірінші орын алды. Екінші орынды Самвел Карапетянның «Күшті Армения» партиясы (23,28 пайыз), ал үшінші орынды экс-президент Роберт Кочарянның «Армения» альянсы (9,93 пайыз) иеленді.

Оппозиция өкілдері сайлау кезінде әкімшілік ресурстың пайдаланылғанын, сайлаушыларға қысым жасалғанын және басқа да заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеуде. Ал ЕҚЫҰ бақылаушылары оппозиция кандидаттарына қатысты жария қоқан-лоққыларға назар аударған.