Бүгiн 2026, 13:49 Фото: istockphoto.com

Арменияда парламент сайлауы басталды

Армения азаматтары парламент сайлауында дауыс беріп жатыр.

7 маусым күні таңертең Арменияда парламент сайлауына арналған дауыс беру учаскелері ашылды. Дауыс беру ел аумағында өтеді және жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады (Астана уақытымен 21:00). Шетелде тұратын азаматтар үшін дауыс беру ұйымдастырылмаған.

Сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтуде. Яғни сайлаушылар тек партиялық тізімдерге дауыс береді.

Армения Ұлттық жиналысының тоғызыншы шақырылымындағы орындарға 18 саяси бірлестік таласуда. Олардың қатарында 16 партия мен екі партиялық блок бар. Солардың ішінде 2018 жылдан бері елді басқарып келе жатқан премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін «Азаматтық келісім» партиясы да бар.

Арменияның Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың келуі туралы мәліметтерді әр үш сағат сайын жариялап отырады.

Армения Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алғашқы алдын ала нәтижелер кешкі уақытта шағын және шалғай сайлау учаскелерінен түсе бастайды. Дауыстардың бөлінісі жөніндегі нақтырақ көрініс түн ортасынан кейін қалыптасуы мүмкін. Бұл кезде ел сайлаушыларының шамамен үштен бірі тұратын Ереванды қоса алғанда, ірі қалалардағы бюллетеньдерді өңдеу басталады.

Дауыстарды электронды санаудың түпкілікті нәтижелері 8 маусым күні таңертең жарияланады деп жоспарланған.

Сайлау науқаны саяси жанжал аясында аяқталды. Сайлау қарсаңында Арменияның Тергеу комитеті сайлауға қатысып жатқан «Күшті Армения» партиясының алты өкіліне қатысты қамауға алу туралы санкция шығарды. Олар ақша жылыстату және сайлаушыларды сатып алу күдігіне ілінген.

«Күшті Армения» партиясы қазіргі биліктің басты қарсыластарының бірі саналады. Партияны армян текті ресейлік миллиардер Самвел Карапетян басқарады.

Breavis зерттеу компаниясының мамыр айында 1,5 мыңнан астам респондент арасында жүргізген сауалнамасына сәйкес, парламент мандатын иеленуге ең жоғары мүмкіндік қазіргі премьер-министр Никол Пашинянның партиясында сақталып отыр.