2 Тамыз 2026, 12:51 Фото: istockphoto.com

Армения үкіметі отставкаға кетті

Жаңа министрлер кабинеті құрылғанға дейін қазіргі үкімет өз жұмысын жалғастырады.

Армения үкіметі жаңа сайланған Ұлттық жиналыстың алғашқы сессиясы басталғаннан кейін ел Конституциясына сәйкес отставкаға кетті.

Armenpress таратқан ақпаратқа сәйкес, Армения премьер-министрі Никол Пашинян үкіметтің отставкаға кету туралы өтінішке қол қойғанын Facebook-тегі тікелей эфирде мәлімдеді.

Бүгін тоғызыншы сайланған Ұлттық жиналыстың алғашқы сессиясы басталды. Армения Республикасы Конституциясының 158-бабына сәйкес, Ұлттық жиналыстың алғашқы отырысы өткен күні үкімет Республика президентіне отставкаға кету туралы өтініш береді, – деді Никол Пашинян.

Премьер-министр Армения президентіне жолданған өтінішті оқып беріп, кейін үкіметтің отставкасын қабылдау туралы құжатқа қол қойды.

Сонымен бірге Никол Пашинян жаңа министрлер кабинеті жасақталғанға дейін үкімет мүшелері өз міндеттерін атқара беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, Конституцияның 149-бабына сәйкес, жаңа парламенттің өкілеттік мерзімі басталғаннан кейін Армения президенті парламенттегі көпшілік ұсынған кандидатура негізінде премьер-министрді тағайындайды. Осыдан кейін жаңа үкімет құрылады.

7 маусымда өткен сайлау нәтижесінде жасақталған тоғызыншы шақырылымдағы Армения парламенті 2 тамызда жұмысын бастады. Ел Конституциясына сәйкес, жаңа парламент өз жұмысына кіріскен сәттен бастап қолданыстағы үкімет отставкаға кетеді. Одан кейін президент парламент көпшілігі таңдаған премьер-министрді тағайындайды.