Бүгiн 2026, 16:49 Фото: Ақорда

Армения премьері 2028 жылы Әзербайжанға баруға үміттеніп отыр

Армения мен Әзербайжан саммиттер арқылы жақындасып келеді.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 2028 жылы Әзербайжанда өтетін Еуропалық саяси қоғам саммитіне қатысу үшін бұл елге баруға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл жайлы ол Ереванда өткен Еуропалық саяси қоғам (ЕСҚ) саммитінде сөйлеген сөзінде айтты.

2028 жылы ЕСҚ саммитіне қатысу үшін Әзербайжанға бару мүмкіндігі болады деп үміттенемін, – деді Пашинян.

Оның айтуынша, Армения мен Әзербайжан бір-бірінің ЕСҚ саммитін өткізу жөніндегі кандидатураларын өзара қолдаған. Сонымен қатар ол қазіргі саммитке Әзербайжан президенті Ильхам Алиев алғаш рет Арменияда ұйымдастырылған шараға (бейнебайланыс форматында болса да) қатысқанын атап өтті.

Өз кезегінде Ильхам Алиев Ереванда өткен 8-ші саммитте бейнеүндеу жолдап, Армения мен Әзербайжан бейбіт өмірдің нақты нәтижелерін көріп отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, тараптар 2025 жылғы тамызда Ақ үйде өткен кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп куәгер болған декларацияға қол қойған.

Әзербайжан басшысы кейін елінің транзиттік шектеулерді біржақты алып тастағанын, сондай-ақ Арменияға мұнай өнімдерін экспорттай бастағанын айтты. Оның мәліметінше, бірнеше мың тонна бензин мен дизель отыны жеткізілген.

Сондай-ақ тараптар көлік байланысын дамыту мәселесіне тоқталды. Алиев «Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу маршруты» (TRIPP) жобасы Армения арқылы Нахичевань бағытында өтіп, Орта дәліздің бір бөлігіне айналатынын мәлімдеді.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда өткен кездесуде үш ел көшбасшылары жеті тармақтан тұратын декларацияға қол қойған. Құжатта Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісім мәтінін парафирлеу, сондай-ақ ЕҚЫҰ Минск тобы үдерісін тоқтату туралы мәлімдеме жасау көзделген.

Армения Сыртқы істер министрлігі 11 тамызда 17 тараудан тұратын келісім мәтінін жариялады.