Армения мен Әзербайжан арасындағы келісім қалай жүзеге асты?
9 тамызда АҚШ астанасы Вашингтонда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян екі ел арасындағы барлық әскери қимылдарды мәңгіге тоқтату, сауда байланысын, сапарлар мен дипломатиялық қатынастарды қайта ашу жөнінде декларацияға қол қойды. 30 жылдан асқан қақтығыс қалай шешілді, бейбіт келісімге қай елдер мүдделі болды және ол Қазақстанға қалай әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы Руслан Мақсаттан сұрады.
– Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс қашан басталды?
– Армения мен Әзербайжан арасындағы шиеленістің тамыры XX ғасырдың басында жатыр. Азамат соғысы кезінде Қарабақ жерін көбінесе армяндар мекендейтін. Бірақ әзербайжандар олармен бірге тұратын. Бірақ ол жер Азамат соғысы біткеннен кейін ресми түрде Әзербайжанның құрамына кіріп, автономды облыс болды. Кеңес одағы кезінде Қарабақ жерінде армяндар мен әзербайжандар арасында қақтығыстар, бір-бірін атып тастау, өлтіру үнемі болып тұратын.
1992 жылы Кеңес үкіметі ыдыраған кезде Бірінші Таулы Қарабақ соғысы басталды. Ол соғыста Әзербайжан жеңілді. Өйткені Арменияға Ресей көмектесті. Сол кезде Қарабақты әскери күшпен жаулап алып, бүкіл әзербайжандықтарды Әзербайжанға қудалады. Яғни Армения Ресейдің көмегімен Қарабақ пен оның жанындағы аудандарды өзіне бағындырып алды. Сондай жағдай 2020 жылға дейін сақталды. Ал 2020 жылы Әзербайжан күш жинап, қайтадан соғыс бастады. Ол соғыста Әзербайжан бүкіл Қарабақ және Армения әскерін талқандап жеңіп, армяндарды Қарабақ жерінен күшпен шығарды. Бұл соғыста Ресей Арменияға көмектескен жоқ. Ал Әзербайжанға Түркия көмектесті. Сөйтіп соғыста Армения жеңілді.
Соғыстың кесірінен Әзербайжан мен Түркия Арменияға блокада жасады. Ұшақтар Арменияны айналып ұшып жүрді. Себебі Бірінші Таулы Қарабақ соғысы кезінде армяндар Иранның жолаушылар ұшағын құлатты. Әзербайжан мен Түркия мұнай құбырларын да Армения арқылы жақынырақ болса да, Грузия арқылы өткізді.
20 жылда Армения билігінде Қарабақ кланы пайда болды. Қарабақтан шыққан адамдар саяси элитаға кіріп, Парламентте, Үкіметте "Қарабақ біздікі, оны бермейміз" деп үнемі Әзербайжанмен соғысты қолдады. Соғыстан жеңілгеннен кейін олар Армения премьер-министрі Никол Пашинянға "сен сатқынсың" деп қарсы шықты. Арменияда қаншама митинг болды. Ал сол Никол Пашинян митингтерді күшпен басып, Қарабақ кланы өкілдерінің бәрін түрмеге отырғызып, биліктен алып тастады.
Қазір Армения соғыс нәтижесін, яғни Қарабақ Әзербайжандыкі екенін мойындады.
– Екі ел арасындағы келісім қалай жүзеге асты?
– Әуелі Армения премьер‑министрі Никол Пашинян Түркияға барып, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Сосын Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу‑Дабиде келіссөздер өткізді. Келісімнің маңызды шарттары Вашингтонда нақтыланды. Түркия мен Әзербайжан Арменияға ынтымақтастық бойынша “сіздерге мұнай, газ береміз” деп, жаңа мұнай, газ құбырлары сияқты көп бонустар ұсынды. Армения оған келісті. Соғыстан жеңілсе де, Армения бұл келісім арқылы өзіне көп мүмкіндік ашты. Өйткені Түркия мен Әзербайжан Арменияға миллиардтаған доллар инвестиция құяды.
Әзербайжанның аумағы екіге бөлінген. Онда Зангезур дәлізі деген жер бар. Ол дәліз де даулы аймақтың бірі болған. Енді Трамппен келісім нәтижесінде Зангезур дәлізі АҚШ-қа берілді. Ол жер Арменияға да, Әзербайжанға да тиесілі болмас үшін АҚШ өзі қарайды. Міне, осылайша 100 жылдық келіспеушілік шешілді.
– Бұл келіспеушіліктің шешілуіне басқа мемлекеттер мүдделі болды ма?
– Негізі Ресей осы 30 жыл ішінде ТМД форматында, басқа да форматтарда Әзербайжан мен Арменияны татуластырғысы келді. Бірақ келістіре алмады. Себебі армяндар айтқанынан қайтпады. Ал Ресей Армения жақтасы болғаны белгілі. Өйткені армяндар да, орыстар да православ христиандар. Ресейге Әзербайжан мен Армения арасында соғыс болғаннан гөрі осындай келісімнің болғаны тиімді. Сондықтан 2020 жылы Ресей Арменияға көмектеспей, соғысқа көз жұмды.
Бұл келісім Батыс елдері үшін де тиімді. Негізі Еуразияда транспорттық дәліздер көп емес. Олардың біршамасы Ресей арқылы өтеді. Батыс елдері оны диверсификациялап, басқа бағыттарды дамытқысы келеді. Бірақ таңдау жоқ. Мысалы, Қытайдан Еуропаға жүктер тасымалдау үшін Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Түркия арқылы өтуден басқа нұсқа жоқ. Сондықтан Әзербайжан мен Армения арасындағы бітім АҚШ-қа да, Қытайға да, Түркияға да тиімді. Өйткені тасымалдау бағыттарында әскери қақтығыс болмау керек. Мысалы, транспорттық дәліздерді тұрақсыздық болғандықтан, Иран, Ауғаныстан арқылы жүргізе алмайды.
– Бұл келісімнің Қазақстанға әсері бар ма?
– Егер Армения арқылы газ, мұнай құбырлары салынатын болса, Қазақстан оның пайдасын көреді. Өйткені мұнай, газ жағынан қарағанда маршрут қысқарақ, тариф азырақ болады. Жалпы айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрамында Армения бар. Сондықтан кезінде ҰҚШҰ соғысқа қатысуы мүмкін деген қауіп болған. Қазақстан да теория жүзінде бейбіт келісім болмағанда бұл қақтығысқа ҰҚШҰ мүшесі ретінде әскерін жіберуі мүмкін еді.
– Уақыт бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!