Арманым талантты жастарды қолдайтын стартаптар ашу – Ерлан Жалғас

Бала күнінде атақты спортшы болуды армандаған Ерлан Жалғас бүгінде спорт және шығармашылық бағыттағы жас буынды қолдап келеді. Болашақта да жас дарынның талантын ашып, қандай да бір жетістікке жетуіне септігін тигізуді көздейді. 

"Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы" коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Жалғас қазақстандық талантты балалардың болашағы жарқын екеніне сенімді. Оның өзі де бала күнінде спортқа жақын болған. Бүгін осы саланың бір ұшын ұстап, болашақта әлемдік тәжірибені меңгергісі келеді. Елордалық маманмен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты. 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Ерлан Құралбайұлы, бүгінде астаналық бүлдіршіндердің шығармашылық және спорт үйірмелеріне қатысты салада еңбек етіп жатырсыз. Ал өзіңіздің балалығыңыз қайда өтті? Сіздің кезіңізде мұндай мүмкіндік көп болмаған шығар...

- Иә, менің бала күнімде мұндай мүмкіндік көп болмады. Өзім Қазақстанның оңтүстігінен Шардараданмын. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін 1986 жылы Төлеген Айбергенов атындағы орта мектепке барып, осы мектепті үздік бітірдім. Бала кезімнен спортпен шұғылданып, атақты спортшы болуды армандадым. Оның ішінде футбол, хоккей, шахмат ойнағанды ұнататын едім. Осы спорттың түрлерінен қала аралық, аудан, облыс төңірегінде спорттық жарыстарға қатысып, жеңімпаз болып, жүлделі орындарды иелендім. Сонымен қатар, домбыраны сүйіп тартатыным бар еді.

- Отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз.

- Ата-анамнан бастайтын болсам, олар қазір зейнеткер. Үйдің үлкенімін. Інім мен қарындасым бар. Ал өз отбасыма келетін болсам, жолдасыммен екі ұл және бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкеніміз физика-математика мектебін тәмамдап, қазір Германияда білім алып жатыр.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бірақ мектеп бітіргеннен кейін мүлдем басқа бағытқа бет бұрыпсыз. Есеп-қисапты таңдапсыз.

- Сол кезде есепшілер мен заңгерлер тапшы болатын. Сол мамандықтарды меңгеруді таңдадым. Себебі кәсіби жолымды спортшы болып жалғастырмасам да, осы салада есепші не заңгер болсам деген ой болды. Сөйтіп 1996 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экономика факультетінің "Бухгалтерлік есеп және аудит" мамандығына оқуға түстім. Сонымен қатар 2015 жылы Қазақстан инженерлі-педогогикалық Халықтар достығы универитетіне сырттай "заңгер" мамандығын үздік аяқтадым.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қызмет жолыңызда түрлі салада еңбек етіп, үлкен тәжірибеңіз бар. Сол туралы айтып бересіз бе?

- Университетті аяқтаған соң 2000 жылдан бастап 20 жыл еліміздің кеден органдарында қарапайым инспектордан басшы қызметіне дейін – түрлі лауазымда қызмет атқарып, нәтижелерге жетіп отырдым деуге болады. Сонымен қатар тәжірибе жиналды, бірақ онымен көңілім тола қоймады. 2020 жылы отбасымызбен елордаға келіп, "Астана көгалдандыру" АҚ-да басқарушы директор қызметіне кірістім. Бұл мекемеде атауы айтып тұрғандай қаланы көгалдандыру, экологиялық мәселелермен айналыстым. 2021 жылы Астана қаласы әкімдігіне қарасты "Астана" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында аппарат басшысы қызметін атқардым. Қаладағы тұрмыс-тіршілігі төмен отбасыларға көмек, қолдау көрсетумен айналыстық. 2023 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігіне қарасты "Мұражайлар мен ескерткіштерді қалпына келтіру" мекемесінде басшы орынбасары қызметін атқардым. Былтырдан бастап "Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы" КММ-нің басшысы лауазымында қызмет атқарамын. Осы салада менің бала кезімдегі орындалмай қалған ойларым туындай бастады десем де болады. Өйткені мен әлемге атымыз шықса деген мақсатпен талант иелерін қолдап, мемлекетке ұсынысымды айттым. Мені мәдениет басқармасы мақұлдап, қолдаудың арқасында 2024 жылы Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енгенімізді байқамай қалдық.

- Демек өзіңіз бала күні армандаған талантты, спортшы балалардың ортасына келдіңіз ғой?

- Иә, дәл солай. Елімізде дарынды балалар көп екенін байқап, соларға менің септігім тиеді деген сеніммен мүмкіндігінше атсалысып келемін. Астанада мың бұралған бишілер мен күмбірлетіп күй тартатын таланттар, кескін мен суреттің шебері, театр үйірмесінің үздіктері де баршылық. Жасөспірімдер біздің қолдауымызды қажет етіп отыр. Қазір осы салада отырғаннан кейін аянбай еңбек етіп келемін. Қаладағы жас буынның бос уақытын пайдалы өткізуіне мемлекет тарапынан мүмкіншілік те, қолдау да бар. Мемлекеттік бағдарламалардан бастап түрлі ресурстар арқылы жастарды қолдауымыз керек. Талантты жастардың шығармашылық бағыттағы стартаптарының көбейгенін қалаймын. Ол үшін әлемдік тәжірибені зерттеп, меңгергім келеді. Алдағы жоспарым көп, соның бірі – талантты жастарды барынша қолдау, үлкен сеніммен олардың мүмкіндіктеріне жол ашу.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы