Қарағандыда Armanǵa jol – 2019 жартылай марафоны өтеді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда биыл үшінші жыл қатарынан Armanǵa jol жартылай марафонын өткізу жоспарланған. 19 мамыр күні 8 сағат 30 минутта бастау алатын жаппай жүгіруге онлайн түрде тіркелу басталды.

Өткен жылы аталған жартылай марафонға 5 мыңға тарта адам қатысқан. Марафонның ұйымдастырушылары биыл жүгірушілердің саны да бұдан көп болады деп болжайды.

«Armanǵa jol – 2019 жартылай марафонында қарағандылықтар мен қала қонақтары сертификатталған трассамен жүгіріп өтеді. Марафонға кәсіби спортшылармен қатар әуесқойлар да қатыса алады. Бастысы ниет болса болғаны», - дейді ұйымдастырушылар.

Марафон қатысушыларының ыңғайлылығы үшін төрт арақашықтық болады. Олар: балаларға арналған 2 шақырымдық және 7, 14, 21 шақырымдық қашықтықтар. Биылғы жылдың бір жаңашылдығы – «скандинавиялық жүруді» ұнататындар үшін арнайы 7 шақырымдық қашықтық қосылған.

«Бұл спорт мерекесі, денсаулық мерекесі. Жартылай марафонға қатысудың негізгі мақсаты – бұл өзіңе деген сенімділік және денсаулық. Денсаулығын ойлап, салауатты өмір салтын сақтауға тырысатындар осы марафонға қатысады. Мысалы, 21 шақырымдық қашықтыққа жүгіру үшін шамамен бір ай дайындалсаңыз жеткілікті. Бастысы орныңыздан тұрып, жүгіруді бастау қажет. Жеңіл атлетика барлық адам үшін қолжетімді, басты кедергі адамның жалқаулығы деп ойлаймын. Сондықтан да барлығыңызды жаттығу жасауды бастап, Қарағандының спортқа деген ритмін сезінуге шақырамын», - дейді Қарағанды облысының Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов.

Кеншілер қаласын 19 мамырда спортшылар қаласына айналдыратын Armanǵa jol – 2019 жартылай марафонына мына сілтеме арқылы онлайн түрде тіркеле аласыз. https://qaragandy-marathon.kz/ru/


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы