24 Шілде 2026, 15:25

Арман Жүдебаев: Ұлт мәдениеті күнделікті әдептен басталады

Арман Жүдебаев әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ халқының амандасу әдебі, ақ пейіл мен ұлттық мәдениеттің маңызы туралы ой бөлісті. Ол әр халықтың өзіндік қарым-қатынас мәдениеті болатынын атап өтіп, қазақы ізет пен сыйластықты күнделікті өмірде сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Ақ пейіл – ұлт мәдениетінің бастауы! Қазақ халқының дүниетанымында ақ пейіл ұғымының орны ерекше. Ақ пейіл – тек адамның таза ниеті ғана емес, өзгеге деген құрметі мен ізетінің күнделікті өмірдегі көрінісі. Ол адамның амандасуынан, сөйлесу мәнерінен, үлкенге көрсеткен құрметі мен кішіге танытқан ізетінен, айналасындағы адамдардың қадір-қасиеті мен жеке кеңістігін сыйлай білуінен аңғарылады. Сондықтан мәдениет музейден де, кітапханадан да бұрын әр адамның мінез-құлқынан басталады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өз сөздерінде қоғамдағы әдеп пен мінез-құлық мәдениетін сақтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Мәдениет қайраткерлері Н. Жүсіп, Б. Бұхарбай және басқа да өнер өкілдерінің Президент көтерген бастамалармен үндес өзекті мәселелерді қозғап жүргені қуантады, – деді Арман Жүдебаев .
Айтуынша, жылы сөз айту, алғыс білдіру, орын беру, жөн-жоралғыны сақтау – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарының ажырамас бөлігі. Солардың ішінде сәлем беру әдебіне қазақ халқы айрықша мән берген. «Сәлем – сөздің анасы» деген нақылдың өзі осының дәлелі.
Әр халықтың өзіндік сәлемдесу мәдениеті бар. Бұл – жай ғана күнделікті әрекет емес, тұтас ұлттың дүниетанымын, тәрбиесін және адамға деген көзқарасын танытатын мәдени белгі. Қазақ үшін амандасу – ең алдымен құрметтің көрінісі. Қолды жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!», «Сәлеметсіз бе?» деп ізет білдіру – сыртқы рәсім ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары халқымыздың болмысына жат кейбір қарым-қатынас үлгілері белең алып келеді. Әсіресе, бір-бірін жақын танымайтын адамдардың құшақтасып немесе беттен сүйіп амандасуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Мұндай әрекет қазақы әдеппен де, ұлттық таныммен де толық үйлесе бермейді, – деді ол.
Сондай-ақ, ол әдеп – тек сыпайылық емес. Әдеп – адамның шекарасын сезіне білу, өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу. Амандасу да осы ұстанымнан бастау алуы тиіс. Өйткені әрбір адам – бір әулеттің перзенті, біреудің жары, анасы, әкесі, бауыры. Оған құрметпен қарау – өз мәдениетімізге деген құрмет екенін айтты.
Мұны өзгеге тыйым салу немесе өзге мәдениетті жоққа шығару деп түсінбеуіміз керек. Әр халықтың өзіне тән әдебі бар. Өзгені құрметтеу – өз болмысыңнан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, әлемнің байлығы – әр ұлттың өз ерекшелігін сақтай білуінде. Өнер жолында жүріп бір ақиқатты терең түсіндім. Оркестрдегі әрбір аспаптың өз үні бар. Домбыра қобыздың үнін қайталамайды, қобыз сыбызғының орнын баспайды. Әрқайсысы өз табиғаты мен бояуын сақтағанда ғана үйлесімді әуен дүниеге келеді. Егер барлық аспап бір-біріне ұқсауға тырысса, оркестрдің сәні де, сазы да жоғалар еді. Өмірде де дәл солай. Халықтар арасындағы жарасым әркімнің өз мәдени үнін сақтай білуінен басталады. Амандасу әдебі, сөйлеу мәдениеті, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамның жеке кеңістігін сыйлау – мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қайталанбас рухани болмысы, – деді Жүдебаев.
Жүдебаевтың сөзінше, ұлттың мәдениеті тек үлкен мерекелерде немесе салтанатты жиындарда емес, күнделікті қарапайым қарым-қатынастан көрінеді.
Ақ пейілімізді, ізетімізді, амандасу мәдениетімізді және бір-бірімізге деген сыйластығымызды сақтай алсақ, ата-бабамыз аманаттаған рухани мұрамыздың да ғұмыры ұзақ болмақ. Жүрегімізден ақ пейіл, сөзімізден ізгілік, ісімізден құрмет арылмасын. Баршаңызға амандық, береке және өзара сыйластық тілеймін! – деп жазды Арман Жүдебаев.