«Арман қалаға сапар». Ауыл балалары астанаға келді

10 жылдан бері «Altyn Qyran Foundation» қоры ауыл оқушыларының жаздық демалысын ұйымдастыруға арналған «Арман қалаға сапар» атты жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы «Altyn Qyran Foundation» қорының директоры Исламбек Салжанов әлеуметтік желіде жазды.

Осы жоба аясында 300-ден астам ауыл балалары – республикалық және облыстық олимпиада жеңімпаздары, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыс кезінде елордаға қыдыру мүмкіндігіне ие болды. Биыл біз мерейтойлық 10-шы сапарды ұйымдастырып отырмыз. Бүгін елордаға Ақтөбе облысынан 29 оқушы келді. Олардың ішінде Сарыбұлақ, Ақраб, Қаракемер, Жарық және т.б ауылдардағы 8-11 сынып оқушылары бар. Мектеп оқушылары арасында оқу үздіктерін, олимпиада және түрлі байқаулар жеңімпаздарын іріктеуге көмектескен Қобда ауданының Білім беру бөлімінің қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді Салжанов.

Оқушылар үшін сапардың танымдық бағдарламасы дайындалды. Олар төрт күнде елорданың басты 15 көрнекті жерін аралап, Есілдің бойымен кемемен серуендеп, қала ішінде «Red Bus»-пен экскурсия жасайды.

Сонымен бірге, жоспарда Nazarbayev University және физика-математика бағытындағы Назарбаев Интеллектуалды мектептеріне танымдық экскурсиялар бар. Сондай-ақ оқушылардың білім беру мен мәдениет саласындағы танымал тұлғалармен интерактивті кездесуін өткізу жоспарланған.

Мағжан ақын "Мен жастарға сенемін" деп айтқанындай, мен де біздің жастардың талантты, ойы озық, білімпаз екеніне сенемін. Осы сапар барысында жас қонақтарымыз білім алуға, дамуға мотивация тауып, жақсы әсер алып қайтады деп үміттенемін. Жас оқушылардың елордамыздағы демалыс күндерін қызықты және мазмұнды өткізуіне тілектеспін! – деді «Altyn Qyran Foundation» қорының директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бүгін – Спорт күні
Өзгелердің жаңалығы