Арман Евниев: Жарлықтың қабылданғаны жұмыстың 50 пайыз орындалғаны деуге болады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды. Аталған жарлық Президенттің биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Yevniy Consulting Goup» ЖШС басқарушы серіктесі Арман Евниев бұл жарлықты экономика саласының «конституциясы» деп есептеуге болатынын айтты.

Егемендік алғаннан бері орта және шағын бизнесті дамытуымыз керек екенін айтып келе жатырмыз. Енді мемлекет осы жарлық арқылы экономиканың барлық инструменттерін, тетіктерін айқын көрсетіп отыр. Жарлықта жекешелендіру, мемлекеттік сатып алу, барлық бизнес үшін мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесі көзделген. Яғни жер мәселесі, жер қойнауындағы ақпараттардың барлығы және басқа да салалары ашық болуы тиіс, - дейді сарапшы.

Бұл құжат бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуге бағытталған. Біріншіден, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің критерийлерін әзірлеуді және олардың тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз ететін Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құру көзделген.

Екіншіден, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқарудың дербестігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ олар жүзеге асыратын сатып алу процестерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған.

Мысалы, осы жарлықтың арқасында енді азаматтар бір бизнес обьектіні көреді де, «осы жерді маған жекеменшікке берсе осындай жоба жасаймын» деп ұсыныс бере алады. Жарлықтың қабылданғаны жұмыстың 50 пайыз орындалғаны деуге болады. Енді қалған 50 пайызын іске асыру үшін нақты жобалармен жұмыс істеу керек. Сондықтан осы жоба аясында президент ұлттық офис ашу туралы тапсырма берді. Дегенмен ұлттық офис Үкіметтің қарамағында болмайды. Менің 25 жылдан аса мемлекеттік тәжірибем бар. Сондықтан шенеуніктердің жобаларды қалай іске асыратынын, қалай ойлайтынын білемін. Олар нарыққа, кәсіпкерлерге ақпаратты ашық бермеуге тырысады. Ақпаратты берген күннін өзінде барлығына бірдей мәлім болмауы мүмкін, - деді ол.

Сарапшы бизнесті субсидиялаудың жаңа тетіктеріне тоқтала кетті.

Жарлықта айтылғандай, саланы субсидиялау тәртібі, логикасы өзгертіліп жатыр. Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі, ауыл шаруашылығы саласында «осынша сүт өнімі шықты» дегендердің барлығы субсидия бере берген еді, енді нақты шаруашылыққа қатысты жоба жасаған, техника сатып алып, үлкен жұмысты қолға алып отырған азаматтарға субсидия беру көзделеді, - деп түсіндірді Арман Евниев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: әлеуметтік желіден
Өзгелердің жаңалығы