8 Тамыз 2026, 19:19 Фото: ҚР ҰОК

Арлан Жаңабай Түркістандағы Азия кубогінде күміс жүлдеге ие болды

Қазақстандық спортшы жарысты 1 сағат 47 минут 07 секундта аяқтап, Азия кубогінің күміс жүлдесін жеңіп алды.

Түркістанда триатлоннан Азия кубогінің кезеңі өтіп, Қазақстан спортшылары ерлер және әйелдер арасындағы жарыста жүлделерді сарапқа салды.

Ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық Арлан Жаңабай 1 сағат 47 минут 07 секунд нәтижемен мәреге екінші болып келіп, күміс жүлдені жеңіп алды.

Жарыстың жеңімпазы бейтарап ту астында өнер көрсеткен ресейлік Роман Минеев болды. Ол қашықтықты 1:46:38 уақытта еңсерді. Үшінші орынды жапониялық Рен Сато иеленді. Оның нәтижесі – 1:47:23.

Ерлер финалында бақ сынаған қазақстандықтардың ішінде Темірлан Теміров тоғызыншы, Дарын Қонысбаев 12-орын, Елмұрат Қанай 23-орын, Максим Шмулич 29-орын, Алинаби Маралбеков 35-орын алды.

Әйелдер арасында Қазақстан құрамасынан ең жоғары нәтижені Диана Ержанова көрсетті. Ол жарысты 2:14:43 нәтижемен аяқтап, сегізінші орынға тұрақтады. Арина Шульгина 12-орынды, ал Аида Ким 13-орынды иеленді.