Арктикадағы стратегиялық түйін: АҚШ Гренландиядан не іздеп отыр

Арктикадағы геосаяси бәсеке күшейген сайын Гренландия АҚШ сыртқы саясатының маңызды нүктесіне айналып отыр. Президент Дональд Трамптың бұл аумақты ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан стратегиялық маңызы бар өңір ретінде атауы Арктикадағы әскери, экономикалық және саяси мүдделердің тоғысқанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2026 жылғы қаңтарда Давоста өткен World Economic Forum аясында Трамп Гренландияға қатысты “келісім әлі талқыланып жатыр” екенін айтып, АҚШ бұл аймақта “толық қолжетімділікке” мүдделі екенін мәлімдеді. Reuters агенттігінің жазуынша, ол Гренландияны сатып алу туралы тікелей айтпағанымен, бұл аумақты АҚШ үшін стратегиялық қауіпсіздік аймағы ретінде бірнеше рет атап өткен.

Саяси шолушылардың пікірінше, Трамптың бұл риторикасы Гренландияға деген қызығушылықтың тек жеке бастамамен емес, Арктикадағы ұзақмерзімді геосаяси есеппен байланысты екенін көрсетеді.

АҚШ үшін Гренландия соңғы жылдары стратегиялық маңызы жоғары аумақтардың біріне айналды. Бұл үрдіс Арктикадағы геосаяси бәсекенің күшеюімен, әскери қауіпсіздік мәселелерімен және сирек кездесетін қазба байлықтарға деген қызығушылықтың артуымен байланысты.

Әскери қауіпсіздік: АҚШ базасы және ерте ескерту жүйелері

Гренландия географиялық тұрғыда Солтүстік Америка мен Еуропаның дәл ортасында орналасқан. Бұл аймақ Арктика арқылы өтетін әуе және зымыран траекторияларын бақылау үшін аса қолайлы. Арал аумағында АҚШ-тың Pituffik Space Base (бұрынғы Thule әуе базасы) орналасқан. Associated Press агенттігінің мәліметінше, бұл база АҚШ-тың Арктикадағы қауіпсіздік инфрақұрылымының негізгі элементі саналады және Солтүстік Америка әуе-ғарыш қорғаныс жүйесімен тікелей байланысты. База зымыран ұшыруды ерте анықтау, зымыранға қарсы қорғаныс және ғарыш кеңістігін бақылау міндеттерін атқарады.
2026 жылдың қаңтарында АҚШ, Дания және Гренландия билігі арасында қауіпсіздік мәселелеріне қатысты дипломатиялық консультациялар басталғаны хабарланды. Reuters дерегінше, бұл келіссөздер Арктикадағы геосаяси шиеленіс пен Ресей мен Қытайдың аймақтағы белсенділігіне жауап ретінде жүргізіліп жатыр.

Мұз еріп, жол ашылған Арктика

Климаттың жылынуы Арктикадағы мұз қабатының жұқаруына алып келіп, жаңа теңіз жолдарының біртіндеп ашылуына жағдай жасап отыр. Еуропарламенттің зерттеу қызметі бұл үрдіс әскери логистика мен халықаралық сауда маршруттарының қауіпсіздігіне жаңа талаптар қоятынын атап өткен. Сарапшылардың пікірінше, Гренландия Арктикалық теңіз жолдарының түйіскен тұсында орналасқан стратегиялық аумақ ретінде қарастырылады. Бұл фактор АҚШ үшін де, оның еуропалық одақтастары үшін де аймақтың маңызын арттырып отыр.

Сарапшылар Гренландияға деген қызығушылықты тек әскери қауіпсіздікпен шектеуге болмайтынын айтады. Бұл – Арктикадағы ықпал үшін күрестің бір бөлігі.

Atlantic Council сараптамасында АҚШ пен оның одақтастары бұл өңірде өз позициясын күшейту арқылы Ресей мен Қытайдың ықпалын шектеуге тырысып отырғаны көрсетілген. Саяси тұрғыда Гренландия Дания құрамындағы автономия болғанымен, болашақтағы тәуелсіздік мәселесі де халықаралық назарда қалып отыр. Бұл жағдай АҚШ-тың аймаққа деген қызығушылығын одан әрі күрделендіре түсуде.

Халқы мен тілі

CIA World Factbook дерегіне сәйкес, Гренландия халқының шамамен 89 пайызы – гренландиялық инуиттер (Kalaallit). Қалған бөлігі негізінен дат ұлтының және басқа еуропалық шыққан тұрғындардан тұрады.

Ресми тіл: гренланд тілі (kalaallisut).

Қосымша қолданылатын тілдер: дат және ағылшын.

Гренландиядағы өзін-өзі басқару туралы заңда kalaallisut ресми тіл ретінде бекітілген. Дат тілі әкімшілік және білім беру саласында, ағылшын тілі халықаралық байланыста кеңінен қолданылады.

Табиғи ресурстар

CSIS және CIA деректерінде Гренландия аумағында бірқатар стратегиялық маңызды пайдалы қазбалардың бар екені көрсетілген. Олардың қатарында:

  • сирек жер элементтері;
  • уран;
  • темір кені;
  • мырыш, мыс, алтын;
  • графит, вольфрам.

Atlantic Council-дың 2025 жылғы талдауында бұл ресурстардың АҚШ пен Еуроодақ үшін маңызы артқаны атап өтіледі. Алайда экологиялық талаптардың қатаңдығы, инфрақұрылымның әлсіздігі және жергілікті халықтың пікірі кен өндіру жобаларының кең көлемде іске асуын тежеп отыр.

Гренландия халқы АҚШ-қа қалай қарайды?

2025 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, гренландиялықтардың шамамен 85 пайызы АҚШ құрамына қосылуға қарсы екенін білдірген. Тұрғындардың басым бөлігі өзін-өзі басқару құқығын сақтап қалуды және болашағын өздері анықтауды қалайды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жергілікті қоғам өкілдері бұл идеяға қарсы шығып, “Greenland is not for sale” (“Гренландия сатылмайды”) деген ұрандармен пікір білдірген. 2026 жылы да халықаралық БАҚ бұл наразылықтың сақталып отырғанын жазды.

Демография: шағын халық, жас қоғам. Халық саны 56 500-57 000 адамға жетеді. Ал ең ірі қаласы – Нуук, онда шамамен 19 900 адам тұрады. Халықтың орташа жасы: 35-36 жас.

Ұлттық мерекелер мен мәдени бірегейлік

Гренландияда ұлттық және мәдени мерекелер халықтың бірегейлігін айқындайды:

  • 21 маусым – Ұлттық күн (Ullortuneq);
  • 1 маусым – Бала күні;
  • 6 қаңтар – Epiphany;
  • Рождество мен Жаңа жыл.

Бұл мерекелер инуит дәстүрлерін сақтауға және қоғамның ішкі тұтастығын нығайтуға бағытталған (Norden.org).

Арктика климаты қатал.  Жаз айларында (маусым–шілде): +8…+10°C, кей жерлерде +15°C, ал қыста (қаңтар–ақпан): −20…−40°C, ішкі аймақтарда одан да төмен. 
Маусым мен шілде – ең жылы, қаңтар мен ақпан – ең суық кезең. 

Қоғамдық үрдістер: мәдени қайта жаңғыру

Reuters пен Associated Press материалдарында соңғы жылдары гренландиялық инуит мәдениетіне қызығушылықтың артқаны атап өтіледі. Жастар арасында тілге, дәстүрлі өнер мен қолөнерге бетбұрыс байқалады. Сарапшылар бұл үрдіс ұлттық бірегейлікті күшейтіп, сыртқы саяси ықпалға қарсы ішкі иммунитет қалыптастырып отырғанын айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы