"Әркімнің өз Эвересті бар": 50-ге жуық алматылық бала тауда жүру мәдениетін үйренді
Балалар қоршаған ортаны таза ұстау – әр адамның ортақ жауапкершілігі екенін түсініп, туған табиғатты аялаудың маңызын сезіндік дейді.
Туристер санының күрт артуына байланысты таудағы төтенше жағдайлар саны шамамен 30%-ға өскен. Әсіресе, тауға арнайы дайындықсыз шығатын жастар көп. Осыған байланысты Қазақстан альпинизм федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқановтың бастамасымен, "Таза Қазақстан" акциясын қолдау аясында "Тау Жүрек: Биік мәдениет" ауқымды жобасы қолға алынған. Оның мақсаты – 100 мың қазақстандықты таудағы қауіпсіздік ережелері мен тау мәдениетіне үйрету.
Жоба авторы, Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов балалар "жорыққа" шығар алдында халықты жүйелі түрде ағартудың маңызын ерекше атап өтті.
Алматыда туристік серпіліс байқалып отыр. Таудағы инфрақұрылым қарқынды дамып келеді, бірақ қауіпсіздік пен тазалық мәдениеті соған ілесе алмай жатыр. Тау – салғырттықты кешірмейді. Былтырдың өзінде құтқарушылар тауда 400-ден астам құтқару операциясын жүргізді. Жүздеген адамға, оның ішінде балаларға да көмек қажет болды. Бұл мәселені тек тыйымдармен немесе шлагбаумдар орнатумен шешу мүмкін емес екені анық. "Тау Жүрек" жобасы - осы сын-қатерге берілген жүйелі жауабымыз. Біз әрбір қазақстандық тауға шығар алдында дағдыланып, қауіп-қатерді түсініп, тауға өз үйіндей ұқыптылықпен қарағанын қалаймыз. Осы бірегей табиғатты сақтап, оны келер ұрпаққа бастапқы қалпында жеткізу – бәріміздің міндетіміз, - деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Жоба биыл қолға алынған. Бүгін жоба аясында балалар үйінің 50-ге жуық тәрбиеленушісі мамандармен бірге Іле Алатауы шатқалында орналасқан Бұтақты сарқырамасын бағындырды.
Бізбен бірге бұған дейін 100-ге жуық адам тауға шығып, тау мәдениетін үйреніп үлгерді. Альпинизм тек спорт қана емес, ол ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы. Тауға шығу – жарысатын спорт түрі емес. Бұл – салауатты өмір салты, - дейді Нұрсұлтан Шоқанов.
Бүгін балаларға таудағы қауіпсіздікті үйреткен мамандардың бірі – танымал альпинист Мақсұт Жұмаев.
Әр адамның өз Эвересті болады. Ол міндетті түрде әлемдегі Эверест шыңы болмауы мүмкін. Ең бастысы – өмірде өз алдыңызға мақсат қоя білу. Сол мақсатқа жету үшін табандылық танытып, арманыңызға сену қажет. Өз өмірімнен айтар болсам, мен де тауда көп жүрдім. Сол жолда өз мақсатымды тауып, оған жете алдым. Ең маңыздысы – алға қойған мақсаттан таймай, соған қарай қадам басу. Бүгін осы балалардың әрқайсысы өз Эверестіне бастайтын жеке сапарын бастайды, - деп балаларды жігерлендірді Жұмаев.
Балалар екі шақырымға жуық қашықтықты бағындырды. Шақырым көп болмағанымен, жүретін жол оңай емес: балалар тау-тастан сақтық шараны барынша сақтап өтуге тырысты.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері тауға шығып қана қоймай, құзға өрмелеу бойынша шеберлік сағатын өтті.
Балалар тәжірибелі альпинистерден арқан байлау, сақтандыру жүйесін орнату тәсілдерін үйреніп, таудағы қауіпсіздікке қажетті маңызды дағдыларды игерді.
Абырой болғанда, балалар ешқандай жарақат алмай, Бұтақты сарқырамасын бағындырып шықты. Жолай көзіне түскен қоқыстарын да жинай жүрді. Мұндай бастамалар балалардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып қана қоймай, тауда өзін дұрыс ұстау мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Балалар қоршаған ортаны таза ұстау – әр адамның ортақ жауапкершілігі екенін түсініп, туған табиғатты аялаудың маңызын сезіндік дейді.