Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады - Президент
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту маңызды міндет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Этносаралық қарым-қатынас мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді.
Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы рухани құндылықтарымызды сақтау маңызды екеніне назар аударды.
Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.